Зейнетақы жинақтарын жеке компанияларға беру ұсынылды

160

Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Astana Finance Days алаңында айтты.  

Зейнетақы жинақтарын жеке компанияларға беру ұсынылды Фото: primeminister.kz

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов зейнетақы жинақтарын басқару мәселесіне тоқталды, деп жазады inbusiness.kz сайты naryk.kz порталына сілтеме жасап.

Оның айтуынша, болашақта Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) активтері біртіндеп жеке басқарушы компанияларға берілуге тиіс.

Қазір БЖЗҚ-да өтімділік жеткілікті. Сүлейменов қор активтерін басқарып отырған команданы тәжірибелі әрі нәтижеге бағытталған деп бағалады. Дегенмен ол мемлекеттік басқару нарықтың толық көрінісін бермейтінін атап өтті.

"Бізге зейнетақы қорын барынша жеке басқаруға беру қажет. Әрине, бұл процесті өте сақтықпен іске асырамыз. Қадағалау қатаң болады. Бірақ жалпы бағыт осындай", – деді Ұлттық банк төрағасы.

Сүлейменов зейнетақы ақшасының қоғам үшін аса сезімтал тақырып екенін еске салды. Ол 2013 жылғы оқиғаны мысалға келтірді: сол кезде басқару процесінде заң бұзушылықтар анықталып, салымшылар қатты алаңдаған еді. Бұл жағдай халықтың есінде әлі күнге дейін бар.

"Зейнет жасындағы адамдар 90-жылдардың күйзелісін де жақсы біледі. Сондықтан бұл мәселе өте нәзік. Бірақ егер халықаралық деңгейде танымал, сенімді басқарушыларды тартсақ, халықтың сенімін арттыруға болады", – деді Сүлейменов.

Ұлттық банк басшысының айтуынша, шетелдік компанияларды тартпас бұрын, зейнетақы активтерін жеке басқаруға беру тетіктерін алдымен ішкі нарықта сынап көру қажет. Бұл жүйенің қалай жұмыс істейтінін тексеріп алғаннан кейін ғана халықаралық ойыншыларға жол ашылады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу