Украина президенті Владимир Зеленский Ресей басшысы Владимир Путинге 15-17 маусым күндері Францияда өтетін G7 ("Үлкен жетілік") саммиті аясында кездесу ұсынғанын мәлімдеді, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Зеленский 15 маусым, дүйсенбі күні Ресей шабуылынан зардап шеккен Киев-Печерск лаврасында журналистермен кездесу барысында айтты.
"Біз Путинмен G7 саммиті кезінде кездесуге дайын екеніміз туралы хабар жеткіздік. Өйткені ол жерде Трамп пен Макрон болады, яғни Еуропа елдері мен Америка өкілдері қатысады. Менің ойымша, бұл – бәріміздің бір үстел басында бас қосуымыз үшін өте жақсы мүмкіндік", – деді Зеленский.
Сонымен қатар, "РБК-Украина" агенттігі бұл ұсыныстың Кремльге бірнеше арна арқылы жолданғанын жазды. Атап айтқанда, араағайындар, дипломаттар және арнайы қызметтер арқылы жеткізілген. Алайда Ресей тарапынан нақты жауап берілмеген. Оның орнына Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков "Мәскеуге келуді" ұсынған.
"Еуропа мен АҚШ бұл бастаманы қолдады. Ал Ресей кезекті рет өздерінің келіссөз жүргізуге дайын емес екенін көрсетті", – деп мәлімдеді Украина президенті.
Зеленский G7 елдерінен Ресейдің Киевке жасаған шабуылдарына қатысты жауап күтеді. Осы уақытта Киевте Ресейдің соққыларынан кейінгі зардаптарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Зеленскийдің айтуынша, 15 маусымға қараған түні Ресейдің Қарулы күштері тек Киевтің өзіне 60-тан астам зымыран ұшырған.
Жалпы Украина аумағына 70 зымыран мен 611 дрон бағытталған. Қаза тапқандар мен жараланғандар бар. Ресейдің шабуылы салдарынан 1073 жылы іргетасы қаланған Киев-Печерск лаврасындағы Успен соборы өртенді.
"Біз Путинмен G7 саммиті кезінде кездесуге дайын екеніміз туралы хабар жеткіздік. Өйткені ол жерде Трамп пен Макрон болады, яғни Еуропа елдері мен Америка өкілдері қатысады. Менің ойымша, бұл – бәріміздің бір үстел басында бас қосуымыз үшін өте жақсы мүмкіндік", – деді Зеленский.