Зергерлік бұйымдарды сатуға қойылатын талаптар күшейтілді

189

Қазақстан Республикасының сынамалау таңбасы жоқ зергерлік бұйымдарды сату үшін жауапкершілік қатаңдатылады. Өзгерістер 2025 жылдың 13 наурызынан бастап күшіне енді.  

Зергерлік бұйымдарды сатуға қойылатын талаптар күшейтілді Фото: zbird.com.ua

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау және зергерлік нарықтың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда зергерлік бұйымдарды сатуға қойылатын талаптар күшейтілді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты Сауда және интеграция министрлігіне сілтеме жасап.

ӘҚБтК-нің 190-1-бабы бойынша зергерлік бұйымдарды жосықсыз өткізушілерді әкімшілік жауапкершілікке тарту құзыреті енді Сауда және интеграция министрлігіне бекітілді.

Қазақстан Республикасының "Бағалы металдар және асыл тастар туралы" заңына сәйкес, ел аумағында сынамалау таңбасы, сондай-ақ сынама палаталарында (сынақ зертханаларында) бұйымға сараптама жүргізілгенін растайтын атаулы белгінің бедерінсіз сатуға жол берілмейді. 

Зергерлік бұйымдарды сату ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік айыппұлдар 190 мың теңгеден 580 мың теңгеге дейін белгіленіп, кәсіпкерлік субъектілерінің санатына (кіші, орта, ірі) байланысты айыппұл мөлшері өзгереді. Заңбұзушылықтар қайталанған жағдайда  айыппұл сомасы ұлғаяды.

Сатып алушы өнімнің түпнұсқалығын қалай тексере алады? Зергерлік бұйымды сынама таңбасының (барыс басы) және атаулы белгінің (өндірушінің таңбасы) бар-жоғын тексеріңіз, сатып алатын өнімге сынама палатасының сараптамалық қорытындысын сұраңыз.

Көрсетілген талаптар болмаған жағдайда тиісті тексеру іс-шараларын жүргізу үшін Техникалық реттеу және метрология комитетіне және оның аумақтық департаменттеріне хабарласуға болады.

Қабылданған шаралар халықты жосықсыз сатушылардан, өндірушілерден қорғауға және Қазақстанның зергерлік нарығын ретке келтіруге бағытталған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу