Олжас Бектеновтың сөзінше, бұл қаржы алдағы 3 жылда Ислам даму банкінен инвестиция ретінде тартылмақ, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында Премьер-министр ел экономикасын нығайту жөніндегі тапсырмалардың жүзеге асырылу жайын да баяндады.
Арнайы экономикалық аймақтарды инфрақұрылыммен орташа қамтамасыз ету деңгейі небәрі 53%-ды, ал индустриялық аймақтарда бұл көрсеткіш 48%-ды құраған. Осыған байланысты Үкімет арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инфрақұрылымды жедел дамыту бойынша бірқатар қажетті шешім қабылдап жатыр.
– АЭА мен ИА-ны инфрақұрылыммен 100% қамтамасыз ету үшін қажетті шешімдер қабылданды. Алдағы үш жылда Ислам даму банкі қаражатын тарту есебінен жаңа өндірістік нысандарға қажетті инфрақұрылым салуға 1 трлн теңге көлемінде инвестициялар тартылатын болады, – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Бұған дейін Үкіметтің кеңейтілген отырысында 2025 жылы жалпы ішкі өнім өсімі 6,5% болғаны айтылды.