Жаһандық инвестиция: Қазақстанда қандай зауыттар салынып жатыр

189

Инвесторлармен сенімді диалог орнату – елдің инвестициялық саясатының ажырамас бөлігі.

Жаһандық инвестиция: Қазақстанда қандай зауыттар салынып жатыр   Фото: Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов KGIR-2025 жаһандық инвестициялар жөніндегі дөңгелек үстелде елімізде өз жобаларын жүзеге асырып жатқан әлемдік компаниялар туралы айтып берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Үкімет басшысының айтуы бойынша, Қазақстан ұзақмерзімді инвестициялар үшін ашық мемлекет болып қала береді. 

– Осы тұрғыда өзара тиімді ынтымақтастығымыздың нақты мысалдарын келтірсем деймін. Бүгін арамызда Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы мырза Ли Сюэчунь отыр. Дәл бір жыл бұрын, 7-дөңгелек үстелде біз жүгеріні терең өңдеу бойынша агропарк құру жобасы туралы келісімге келдік. Бар болғаны бірнеше айдан кейін компания құрылысты бастап кетті, жақын уақытта кәсіпорын іске қосылады, – деді премьер-министр.

Сонымен бірге, О.Бектенов PepsiCo компаниясымен стратегиялық әріптестікті ерекше атап өтті.

– Өткен жылдың жазында біз Давид Манзини мырзамен (PepsiCo компаниясының Ресей, Беларусь, Кавказ және Орталық Азия өңірлері бойынша президенті) Алматы облысында тұзды тіскебасарлар шығаратын зауыт салу перспективасын талқыладық. Қазіргі уақытта жоба қарқынды іске асырылуда және келесі жылдың басында кәсіпорын іске қосылады, – деді О.Бектенов.

Премьер-министр сондай-ақ Dalian Hesheng Holding Group директорлар кеңесі төрағасының орынбасары Юй Юйфэйге ықылас көрсетті және компанияның бидайды терең өңдейтін зауыт құрылысын бастап кеткенін атап өтті.

– Мұнда испандық Roca Group компаниясының аймақтық президенті Эрнандес мырза да қатысып отыр. Кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Roca Group компаниясының заманауи санитарлық техника өндіру бастамаларымен танысты. Жаңа кәсіпорын экспортқа бағытталған жоғары сапалы өнім шығармақ. Инвестор жақын уақытта осы бірегей жобаның құрылысын бастайды, – деді ол.

Үкімет басшысы сондай-ақ Lihua Group компаниясы Түркістан облысындағы TURAN арнайы экономикалық аймағында мақта-тоқыма кластерін құру жобасын бастағанын хабарлады.

– Шетелдік инвесторлардың қатысуымен жүзеге асқан ірі жобалардың бірі – жуырда ашылған KIA Qazaqstan автомобиль зауыты. Мұндай ауқымды жобаны KIA корпорациясы небәрі екі жылда іске асырды, бұл біздің ынтымақтастығымыздың жоғары деңгейі мен сапасын көрсетеді. Көріп отырғандарыңыздай, мен атаған жобалар елімізде қол жеткізілген келісімдердің нақты өндірістік нысандарға айналып жатқанын айқын дәлелдейді. Баршаңызды Қазақстандағы бизнес мүмкіндіктерін толық пайдалануға шақырамын. Біз жобаларды іске асырудың барлық кезеңінде жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, – деп түйіндеді О.Бектенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу