Жәбірленушілердің өтініші: Дикий Арманға қатысты сот отырысы жабық режимге ауыстырылды

Сот мұны қауіпсіздік мақсатында жасалып отыр деп түсіндірді. 

Жәбірленушілердің өтініші: Дикий Арманға қатысты сот отырысы жабық режимге ауыстырылды Фото: КазТАГ

Алматыда Дикий Арман мен Қайрат Құдайбергенов және өзге де 40-тан аса айыпталушылардың ісі бойынша алдын ала тыңдау аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Іс бойынша сотталушылар "Өкілеттіктерді асыра пайдалану" (ҚК 362-бабы), "Ұйымдасқан қылмыстық топ құру", "Оған басшылық ету және оған қатысу" (ҚК 262-бабы), "Адам тонау" (ҚК 191-бабы), "Заңсыз бас бостандығынан айыру" (ҚК-нің 126-бабы), 2022 жылғы қаңтардағы жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру және оларға қатысу (ҚК-нің 272-бабы), "Бандитизм" (ҚК-нің 268-бабы) бойынша айыпталған.

Сот отырысы барысында жәбірленушілер істі жабық форматта өткізуді сұрады.

"Сонымен қатар іс бойынша он жәбірленуші, бір куә және бір сотталушы сот отырысын жабық форматта өткізуді сұрады. Олар өз өмірлеріне, отбасылары мен жақындарының қауіпсіздігіне қорқатынын айтты. Соның негізінде сот шешімімен өтінішхаттар қанағаттандырылды. Басты сот отырысы 6 қазанға белгіленді", – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 7 қаңтарында ҚР Ішкі істер министрлігі Алматыда Дикий Арман лақап атымен танылған криминал авторитет Арман Жұмагелдиевтің ұсталғаны туралы хабарлады. Онымен бірге тағы бес адам қамауға алынды.

Бұған дейін Ішкі істер министрлігі Арман Жұмагелдиевтің шетелден 2021 жылдың желтоқсан айында келгенін және қаңтар оқиғасы кезінде Алматыда болғанын хабарлаған. 

  • 2023 жылғы 5 қаңтарда ҚР Бас прокуроры Берік Асылов Мәжілісте өткен жиында сөйлеген сөзінде Арман Жұмагелдиев қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде ҰҚК кураторының жетекшілігімен әрекет еткенін мәлімдеді. 
  • 2022 жылдың 22 сәуірінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты Қайрат Құдайбергеннің қаңтардағы тәртіпсіздікті ұйымдастырды және оған қатысты деген күдікпен ұсталғаны белгілі болды. Ол бірден "Аманат" партиясынан шығарылып, депутаттық мандатынан айырылды. 
  • 2023 жылдың 6 қыркүйегінде Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Дикий Арман пен Қайрат Құдайбергенге қатысты қылмыстық іс түсті.
Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу