Жайық өзенінің жағасынан қолдан жасалған 15 қайық табылды

418

Атырау облысында Дамбы балық инспекциясының қызметкерлері 28 қыркүйекте рейд жүргізді.  

Жайық өзенінің жағасынан қолдан жасалған 15 қайық табылды Фото: azh.kz

Жайықтың төменгі сағасын тексеру кезінде инспекторлар браконьерлер түнде өзенге шығып, тор құру үшін пайдаланатын қолдан жасалған 15 жүзу құралын тапты, деп жазады inbusiness.kz сайты "Ақ Жайық" басылымына сілтеме жасап.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ресми өкілі Олег Тушкановтың айтуынша, Курилкинодан төмен қарай Каспий теңізіне шыға беріске дейінгі учаске, соның ішінде Кіші Дамбыдан өзен сағасына дейінгі аймағы ең күрделі аумақ болып табылады.

Өзенге шығу үшін заң бұзушылар халық арасында "астау" деп аталып кеткен қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланады. Олар көзге көп түсе бермейді, қамыс арасына жасыру да оңай. Сондықтан браконьерлер өзен арнасына ау-тор құру үшін көбіне түнгі уақытта осы қайықтарды қолданады.

Олег Тушкановтың айтуынша, мұндай қайықтарды тәркілегенде заң бұзушылар ау құра алмай қалады. Ал бұл аулар қарапайым балықшылар үшін де проблемаға айналып отыр: олардың құралдары тыйым салынған балық аулау құралдарына ілініп қалады.

Қыркүйек айында инспекторлар балық қорғау заңнамасын бұзудың 320-дан астам дерегін анықтады. Тәртіп бұзушыларға 5 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, 30 материал сотқа жіберілді.

Соңғы 1 ай ішінде заңсыз айналымнан тоннаға жуық балық, 30 жүзу құралы және 340 ау, қармақ пен басқа да браконьерлік құралдар тәркіленді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу