Қазақстан Халық Кеңесінің бастамасымен қолға алынған "Халыққа жақын" республикалық жобасы алғаш рет Қызылорда облысының Арал ауданында іске қосылды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Басты мақсат – шалғайдағы ауыл тұрғындарымен тікелей диалог орнатып, түйткілді мәселелерді сол жерде шешу және мемлекеттік қызметтерді қолжетімді ету.
Қазақстан Халық Кеңесінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, сапар аясында Халық Кеңесінің Төрағасы Ерлан Қошанов бастаған мүшелер Арал жұртшылығымен, еңбек ардагерлерімен және зиялы қауым өкілдерімен кездескен.
Жиында жаңа Конституция аясындағы саяси реформалар, "Таза Қазақстан", "Заң мен тәртіп" қағидаттары және "Халықтық құрылыс" жобасы талқыланды.

"Биыл – еліміз үшін тарихи жыл. Жалпыұлттық референдумда жұрт болып жұмылып, жаңа Конституцияны қабылдадық. Бұл реформаларға азаматтарды тартуда конституциялық мәртебеге ие Қазақстан Халық Кеңесіне үлкен міндет жүктеледі. Соның дәлелі ретінде бүгін Аралға "Халыққа жақын" жобасымен келіп отырмыз", – деді Ерлан Қошанов.
Жоба аясында кеңес мүшелері мен салалық министрліктер өкілдерінен арнайы мобильді топтар жасақталды. Марат Әзілханов пен Геннадий Шиповских бастаған алғашқы топ Арал, Қазалы және Қармақшы аудандарын аралайды.
Мобильді топтардың назарында жұмыспен қамту, жастарды қолдау, медицина мен білім берудің қолжетімділігі, интернетпен қамтамасыз ету, қоғамдық қауіпсіздік және экология мәселелері болады.
Жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататын жайттар аудандық және облыстық әкімдіктермен бірлесіп пысықталады. Ал жүйелі шешімді қажет ететін мәселелер салалық орталық мемлекеттік органдарға жолданады. Осылайша, жоба Президенттің "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын іске асыруға зор септігін тигізбек.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындарының өтініштерін жедел қабылдау үшін Халық Кеңесінің мүшесі Бағдат Мусиннің қатысуымен арнайы мобильді қосымша әзірленіп жатыр.