Халық Кеңесінің мүшелеріне жалақы төленбейді. Бұл қоғамдық негіздегі жұмыс болып есептелінеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Жылына кемінде бір рет сессия болады деп отырмыз. Бір-екі рет болады. Шамамен үш комитет болатын сияқты, ол бүгін шешіледі. Комитеттер отырыстан тыс жұмыстарын жүргізе береді", – деді Халық Кеңесінің мүшесі Мұрат Әбенов тілшілердің сауалына берген жауабында.
Журналистер жаңа саяси институт мүшелеріне жалақы төлене ме деп нақтылады.
"Бұл қоғамдық негіздегі жұмыс, сол себепті тегін жұмыс жасайды. Мемлекеттік қызметші болып саналмайды. Бірден айтайын, айлық төленбейді. Тек қана аппаратқа ақша бөлінеді, айтылған мәселе тек қана аппаратқа қатысты. Біз барлығымыз айлық алмай, тегін жұмыс істейміз. Айлықсыз жұмыс істеуге дайынмын", – деп атап өтті спикер Халық Кеңесінің бірінші сессиясының кулуарында.
Халық Кеңесінің мүшесі Наталья Дементьева да бұл қоғамдық жұмыс екенін, жалақы болмайтынын атап өтті.
"Біздің мақсатымыз – министрліктердің, тіпті Құрылтайдың да жұмысын жоққа шығару емес. Мақсатымыз – консультативті орган болып, ең алдымен пікірталасқа түсіп талқылау және де түсіндіру, заңнамалық жұмысқа дейін жеткізу", – деді ол.
Айта кету керек, бұған дейін Халық Кеңесі Құрылтайдың жұмысын қайталамайтынын жазғанбыз.