Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев архив саласында жұмыс істейтін мамандардың жалақысы төмен екенін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге архив ісі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы қаралды.
Депутат Серік Ерубаевтың сөзінше, ауылдық жерлерде архив қызметкерлері тапшы.
"Жалақының төмен болуынан бұл салаға жас мамандар келе бермейді, ал қазір жұмыс жасап жүргендердің басым бөлігі – зейнеткерлік жасына жақындап қалғандар. Заң жобасында архив саласының мамандарына ауылдық жерлерде жұмыс істегені үшін арнайы үстемеақы мақсатында тиісті тізбені айқындау құдіреті жергілікті атқарушы органдарға берілген, бұл мұғалімдер мен дәрігерлерге қолданып жүрген тәсілге ұқсас тетік. Қосымша ақы мөлшері қандай болады және ол нақты кімдерге тағайындалады? Болашақта кәсіптің беделін арттыруға және жас кадрларды осы салаға тарту үшін қосымша қандай ынталандыру шаралары көзделуде?" – деп сұрады мәжілісмен.
Мәдениет және ақпарат вице-министрі Айбек Сыдықов бұл норма бұрын болғанымен, жұмыс істемегенін айтты.
"Себебі бізде архивші деген мамандық көрсетілмегендіктен, кейбір облыстар өздерінің архивистеріне тиісті дәрежеде үстемақы төлей алмай отырған. Аудиторлық тексерістер кезінде кей жағдайларда осындай бір фактілер бар. Негізі ол бұрыннан бар норма, бірақ жұмыс істемеген. Енді біз оның қазір заңның деңгейіне көтеріп, бекітіп отырмыз. Болашақта заңды түрде 25%-ды алатын болады", – деді вице-министр.