"2012 жылғы 12 мамырда жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында Қарағанды облысы бойынша Қаржы полициясы департаментінің қызметкерлері В. есімді азаматтың пәтерінде орналасқан жалған ақша жасайтын цехты тапты", деп хабарлайды Қарағанды облысы бойынша кірістер департаменті баспасөз қызметі.
Тінту кезінде одан жүйелік блок және ақшаның суреті салынған флеш-карта алынған. Оқиға орнынан дәлел ретінде қолдан жасау белгілері бар 2000 номиналды банкнот тәркіленді.
Тергеудің анықтауынша, В. есімді азамат осы жылдың 5-ші сәуірінде 10 мың теңгелік 7 дана, 5 мың теңгелік 3 дана және 2 мың теңгелік 7 дана жалған ақшаларды 30 мың теңге сыйақы үшін өткізген.
25 мамырда оған қатысты Қылмыстық кодекстің 206-бабының 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды және ешқайда кетпеу туралы қолхат алу бұлтартпау шарасы қабылданды.
"Қылмыстық іс тергелу үстінде, өзге ақпарат әзірше жария етілмейді", - дейді баспасөз қызметі