Жалпыұлттық санақ кезінде 32 мың адам жұмысқа алынады

654

Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында өтетін жалпыұлттық санаққа Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласының әкімдігі дайын емес. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Жалпыұлттық санақ кезінде 32 мың адам жұмысқа алынады

"Санақ өткізілетін уақытта 32 мың адам жұмысқа алынады. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларының, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдіктері жұмысты дұрыс жолға қойған. Ал Маңғыстау, Ақтөбе облыстары мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің жұмыс қарқыны жеткіліксіз. Өңір әкімдері халық санағына дайындық барысын жеке бақылауға алсын!" – деді Асқар Мамин. 

Үкімет басшысы өңір әкімдері мен Ұлттық статистика бюросы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Денсаулық сақтау министрліктерімен бірге қысқа мерзімде міндетті вакцинациялаудан өткен жұмыскерлердің қажетті санын жұмысқа орналастыруды қамтамасыз етуге тиіс екенін мәлімдеді. 

"Өңір әкімдері, Ұлттық статистика бюросы және Ішкі істер, Денсаулық сақтау министрліктері халық санағын өткізу бойынша барлық ұйымдастырушылық мәселелерді пысықтасын! Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ұлттық статистика бюросы және әкімдіктермен бірге халық арасында ұлттық санақтың жүргізілу мақсаты мен тәртібі туралы түсіндіру жұмыстарын күшейтсін!" – деді премьер-министр. 

Асқар Мамин жалпыұлттық санақтың әлеуметтік-экономикалық маңызы зор екенін тілге тиек етіп, атқарылатын іс аясында елдегі ахуалды талдауға, болжам жасауға, тиісті шешім қабылдауға негіз болатын көрсеткіштер алынатынын айтты. 

"Санақ процесін автоматтандыру үшін қағаздан мүлдем бас тартып, цифрлық технологияларды қолдану жоспарланып отыр. Бұл шара мәліметті жедел жинауға және шығынды азайтуға мүмкіндік береді", – деді үкімет басшысы. 

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу