Жамбыл облысына 1,1 млрд теңгеге 2 жылжымалы медициналық кешен берілді

259

Арнайы көліктердің біріне компьютерлік томограф, екіншісіне маммограф пен ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылған.  

Жамбыл облысына 1,1 млрд теңгеге 2 жылжымалы медициналық кешен берілді Фото: gov.kz

Жамбыл облысының денсаулық сақтау жүйесі "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қолдауымен екі заманауи жылжымалы медициналық кешенмен толықты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жалпы құны 1,1 млрд теңгеден асатын арнайы көліктердің біріне компьютерлік томограф, екіншісіне цифрлық маммограф пен сараптамалық деңгейдегі ультрадыбыстық зерттеу аппараты орнатылған.

Жаңа кешендер ең алдымен шалғай елді мекен тұрғындарына медициналық тексеруден өтуге мүмкіндік береді. Олардың көмегімен онкологиялық ауруларды ерте кезеңде анықтауға басымдық беріледі.

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, ауыл халқының үлесі жоғары өңір үшін заманауи диагностиканы тұрғындарға барынша жақындату маңызды.

"Енді шалғай ауылдардың тұрғындары күрделі тексеруден өту үшін облыс орталығына арнайы келмей, қажетті медициналық қызметті тұрғылықты жерінен ала алады", – деді өңір басшысы.

"Қазақстан халқына" қорының Басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаева жаңа кешендер ауыл тұрғындары үшін медициналық диагностиканың қолжетімділігін арттыратынын атап өтті.

Қазір қор Жамбыл облысында жалпы құны 13,1 млрд теңгені құрайтын 21 жобаны жүзеге асырып жатыр. Оның 9-ы денсаулық сақтау саласына бағытталған.

Бірлескен жобалар аясында сирек кездесетін аурулары бар азаматтарды қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, онкологиялық науқастарды емдеу және балалар нейрохирургиясын қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыру жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар ерте араласу және оңалту орталықтарының мүмкіндігі кеңейтіліп, аутизмі бар балаларға арналған орталықтар жабдықталған.

Қордың қолдауымен ауылдардағы тірек мектептер мен арнайы білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы да жаңартылып, балалар мен жастарға арналған спорт инфрақұрылымын дамытуға жағдай жасалған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу