Сонымен қатар 26 мектеп пен 14 балабақша және бір арнайы мектеп ағымдағы жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Дегенмен облыста әлі де бір апатты және 11 тозығы жеткен, 17 оқушы орны тапшылығы бар білім ордасы тіркелген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.
Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбековтің айтуынша, 2025 жылы облыста 14 білім беру нысаны пайдалануға берілген. Оның ішінде 10 мектеп бар.
Аталған мектептердің төртеуі "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында салынса, қалған 4 нысан қолданыстағы мектептерге жапсарлас ғимарат ретінде бой көтерген. Нәтижесінде бір апатты, бір үш ауысымды, оқушы орны тапшылығы бар 5, тозығы жеткен 6 және асханасы жоқ мектептің мәселесі оң шешімін тауыпты.
Сондай-ақ 2,2 миллиард теңгеге жаңа үлгідегі пәндік кабинеттер, STEM-зертханалар, асхана, кітапхана және спорт құрал-жабдықтары, мектеп жиһаздары, турникеттер мен компьютерлік техника сатып алынған. "Қазақстан халқына" қоғамдық қорының қолдауымен 750 миллион теңгеге 3 мектеп заманауи жабдықтармен қамтамасыз етіліпті.
"Өңірде үш ауысымды мектеп мәселесі толығымен шешілді. Ал қазіргі уақытта облыс аумағында 1 апатты, 11 тозығы жеткен және оқушы орны тапшылығы бар 17 мектеп тіркелген. Осы жылы 12 білім беру нысанын пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Соның арқасында оқушы орны тапшылығы бар 2 білім ордасының, тозығы жеткен 4 мектептің, сондай-ақ спорт залы мен асханасы жоқ 6 мектептің мәселесі шешіледі", – дейді Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының басшысы Нұрбек Оршыбеков.
Жалпы бүгінде Жамбыл облысында 619 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істеп, онда 63 645 бала тәрбиеленуде. 531 жалпы білім беру ұйымында 245 мыңнан астам оқушы білім алуда.