Жамбыл облысында биыл 770 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі

360

Өңірде құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланып, ондаған тұрғын үй мен инфрақұрылым нысаны іске асырылуда.  

Жамбыл облысында биыл 770 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі Фото: gov.kz

Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте құрылыс саласындағы жұмыстар талқыланды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Облыстық құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаевтың мәліметінше, бүгінде өңірде 143 құрылыс нысаны жүзеге асырылып жатыр. Оның 96-сын биыл пайдалануға беру жоспарланған.

2026 жылы құрылыс саласына 418,5 млрд теңге инвестиция тарту көзделген. Жыл соңына дейін 770 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, оның 326 мың шаршы метрі алғашқы жартыжылдықта тапсырылған.

Қазіргі таңда облыста 2 941 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысы бойынша 1 685 пәтерді қамтитын 35 тұрғын үйді пайдалануға беру көзделген. Сонымен қатар әлеуметтік осал топтар үшін 350 жалдамалы пәтер сатып алу жоспарланып, бүгінге дейін 78 пәтер алынған.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында 30 жоба іске асырылуда. Оның 24-ін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған.

– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап елімізде құрылыс саласын кешенді құқықтық реттейтін жаңа Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексі толық күшіне енді. Кодекс құрылыс қызметіне қойылатын талаптарды біріздендіріп, құрылыс-монтаж жұмыстарының сапасына бақылауды күшейтті. Сонымен қатар құрылыс саласындағы жауапкершілік пен мемлекеттік бақылаудың тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа тетіктер енгізілді. Құрылыс кодексінің талаптарын өңірде сапалы іске асыру – барлық жауапты мемлекеттік органдардың ортақ міндеті, – деді облыс әкімі.

Жауапты тұлғаларға құрылыс жұмыстарының сапасын күшейту, белгіленген мерзімдерді сақтау және құрылыс нормалары мен стандарттарының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде тапсырмалар берілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу