Әкімшілік істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот қараған.
Сот мәліметінше, 2026 жылдың тамызында Мойынқұм ауданының тұрғыны жұбайымен бірге Таразда уақытша тұрып жатқан үйінде орташа дәрежеде мас күйде болған. Сол уақытта үйде 2024 және 2025 жылы туған екі баласы да болған. Оқиға туралы полицияға көршілері хабарлаған.
Тексеру барысында тұрғын үйдің санитариялық жағдайы талапқа сай еместігі және балалардың қалыпты дамуына қажетті жағдайлар толық жасалмағаны анықталған.
Сонымен қатар әйел бұған дейін де ата-аналық міндеттерін орындамағаны үшін ӘҚБтК-нің 127-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот отырысында азаматша Б. балаларының көзінше жұбайымен бірге ішімдік ішкенін мойындап, кінәсін толық растаған.
ӘҚБтК-нің 127-бабы 2-бөлігі бойынша мұндай әрекет үшін 15 АЕК мөлшерінде айыппұл немесе бес тәулікке дейін әкімшілік қамақ қарастырылған.
Сот әйелдің кінәсін мойындағанын және кәмелетке толмаған балалары бар екенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді.
"Әйел осы бап бойынша кінәлі деп танылып, оған 15 АЕК, яғни 64 875 теңге айыппұл салынды. Сот қаулысы заңды күшіне енді", – делінген сот ақпаратында.