Жамбыл облысының Талас ауданында прокуратура "Beskuduk Tas" ЖШС-ға жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын рәсімдеуге көмектесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Инвестициялық жобаны іске асыру кезінде компания жер қатынастарын рәсімдеу мерзімінің созылуына тап болған. 25 тамызда серіктестік Талас ауданы әкімдігінің жер қатынастары бөліміне тиісті өтініш берген. Алайда өтініш негізсіз түрде облыстық басқармаға жолданып, кейін аудандық бөлімге қайта жүгіну қажеттігі түсіндірілген.
Талас ауданының прокуратурасы инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде заңдылықтың сақталуына жүргізілген талдау барысында заң бұзушылықты анықтап, прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Нәтижесінде инвесторға тиісті жер учаскелеріне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөнінде үш шарт жасалды. Сонымен қатар жер қатынастары бөлімінің кінәлі лауазымды тұлғасы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның араласуынан кейін әкімшілік кедергі жойылып, инвестордың жер құқықтарын рәсімдеуіне мүмкіндік жасалды.