Жамбыл облысында су тапшылығы қатты сезілуде

1201

Биыл облыста жаңа 8 су қоймасы салынады.

Жамбыл облысында су тапшылығы қатты сезілуде

Соңғы жылда өңірде су тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Бұл туралы Жамбыл облысы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Жарылқасын Айтақов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Оның айтуынша, аудандардағы су қоймаларына орта есеппен 51,24 млн м3 су жиналған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға аз.

"Себебі өткен жылға қарағанда жауын-шашын 32%-ға төмен. Бұл облыстағы каналдардың жөндеу жұмыстарына әсерін тигізуде. Осыған қарамастан суармалы маусым кезеңінде судың жиналуын 80%-ға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Жалпы соңғы жылдары біздің аймақта су тапшылығы қатты сезіліп жатыр. Өңірегі су қорының 80%-ы жуығы көршілес Қырғызстанда. Сондықтан облыстағы ішкі резервтегі су көздерін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған Жамбыл облысы су қоймалары мен тоғандарды қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шара жоспары қабылданды", – деді Жарылқасын Айтақов.

Оның айтуынша, жоспарға сәйкес, облыста 10 су қоймасы қалпына келтіріледі, жаңа 8 су қоймасы салынады. 

"Су қоймалары қалпына келтіріліп, жаңадан салынған жағдайда болжам бойынша облыс көлемінде қосымша 10,65 млн м3 су жиналып, 2 411 га суармалы жер алқабы айналымға енгізіледі", – деді табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары.

Жарылқасын Айтақов бүгінде "Жамбыл су қоймалары" мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде 105 су қоймасы барын атап өтті.

"Оның 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, біреуі экология мақсатында пайдаланылады. Былтыр бұл су қоймаларына нақты 116 млн м3 су жиналып, барлығы ауыл шаруашылығындағы 8 278,8 гектар жерге жіберілді. Бүгінде су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізіліп жатыр", – деді басшы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу