Жамбыл облысында полиция қызметкерлері профилактикалық рейдтік іс-шаралар барысында тұрғындардан тыйым салынған заттарды тәркіледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Полицияның мәліметінше, мұндай заттар қылмыс құралына айналып, айналадағы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін. Оларды уақтылы тәркілеу жанжал кезінде қолданылуының алдын алып, ауыр зардаптар қаупін азайтуға мүмкіндік береді.
"Біздің басты міндетіміз – алдын алу, қауіпті заттарды дер кезінде тәркілеу және олардың қылмыстық мақсатта қолданылуына жол бермеу. Профилактикалық жұмыстар ең алдымен құқық бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 18,3%-ға, ал көшелерде тіркелген қылмыстар 12,3%-ға төмендеді", – деді Жамбыл облысы ПД бастығының орынбасары Асет Оспанов.