Жамбыл облысында заңсыз қару сақтаған шопандар жазаланды

70

Іс Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 482-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалды.  

Жамбыл облысында заңсыз қару сақтаған шопандар жазаланды Фото: weaponland.ru

Жамбыл облысының Жуалы аудандық соты қаруды заңсыз сақтау дерегі бойынша екі азаматқа қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Сот материалдарына сәйкес, 2026 жылдың мамыр және маусым айларында полиция қызметкерлері мал жаю мақсатында пайдаланылатын фермерлік шаруашылықтарды тексеру барысында заңбұзушылықтарды анықтаған.

Тексеру кезінде екі азаматтың фазенда аумағында тіркелмеген, рұқсат құжаттары жоқ 12 калибрлі "ТОЗ-Б" және "ИЖ-18" үлгісіндегі тегіс ұңғылы атыс қаруын сақтағаны белгілі болды.

Аталған құқық бұзушылықтар полиция қызметкерлерінің толтырған әкімшілік хаттамалары, қызметтік баянаттары, заттай дәлелдемелер және сараптамалық қорытындылар арқылы толық дәлелденген. Сот отырысында құқық бұзушылар өз кінәларын мойындады. Олардың бірінің айтуынша, қаруды ол мал бағып жүрген кезінде далада тауып алған.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ӘҚБтК-нің 482-бабының 1-бөлігі қаруды заңсыз сақтағаны үшін жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуды және қаруды тәркілеуді көздейді.

Істі қарау барысында сот жеңілдететін немесе ауырлататын мән-жайларды анықтамады. Дегенмен, құқық бұзушылардың бірінің материалдық жағдайын ескере отырып, сот оған тағайындалатын айыппұл мөлшерін 30 пайызға қысқарту туралы шешім қабылдады.

Нәтижесінде, сот қаулысымен екі азамат та кінәлі деп танылды. Олардың біріне 60 550 теңге, ал екіншісіне 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды. Сонымен қатар заңсыз сақталған қарулар тәркіленді.

Сот қаулылары заңды күшіне енді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу