Жамбыл облысында жас отбасыларды қолдауға арналған меморандумға қол қойылды

206

Тараптар отбасы құндылықтарын дәріптеу бойынша бірлескен жұмыс жүргізеді.  

Жамбыл облысында жас отбасыларды қолдауға арналған меморандумға қол қойылды Фото: gov.kz

Жамбыл облысында неке және отбасы құндылықтарын дәріптеу, жас отбасыларды қолдау бағытында жаңа бастама қолға алынды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Отбасы күні қарсаңында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ Жамбыл облысы бойынша филиалының Тараз қалалық АХАТ бөлімі мен Жамбыл облыстық "Анаға тағзым" отбасылық даму әлеуметтік орталығы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Келісім аясында жас отбасылармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, отбасылық құндылықтарды насихаттауға бағытталған дәрістер, кездесулер және басқа да ағартушылық іс-шаралар ұйымдастырылады.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы азаматтардың өміріндегі маңызды сәттерге қатысты мемлекеттік қызметтерді көрсетеді. 2023 жылғы 1 шілдеден бастап АХАТ бөлімдері Мемлекеттік корпорацияның қарамағына берілгелі Жамбыл облысында 18 752 неке ресми тіркеліп, 72 947 туу туралы куәлік берілген. Оның ішінде 37 484 ұл және 35 463 қыз дүниеге келген.

Мемлекеттік корпорация филиалының директоры Батырхан Тоқтағұлдың айтуынша, тұрғындар некелерін тіркеу үшін есте қаларлық күндерді жиі таңдайды. Мәселен, 2026 жылғы 26 маусымда облыста 110 неке қиылған. Бұл әдеттегі күндердегі көрсеткіштен орта есеппен бес есе көп.

Меморандумға 10 қыркүйекте қол қойылды.

Айта кетейік, некені және баланың тууын мемлекеттік тіркеу АХАТ бөлімдері арқылы жүзеге асырылады. Қызметтерді ХҚКО-ларда, электрондық үкімет порталы мен екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары арқылы рәсімдеуге болады. Баланың тууын тіркеуге өтінішті SMS-хабарлама арқылы проактивті форматта да беруге мүмкіндік бар.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу