Жамбыл облысындағы ауыл мектептеріне 17 мыңнан астам кітап таратылды

143

Ұлттық кітап күніне орай ASSYLTAS қоғамдық қоры "Артық білім – кітапта" жобасы аясында ауыл мектептерін қолдауға бағытталған ауқымды акция ұйымдастырды.     

Жамбыл облысындағы ауыл мектептеріне 17 мыңнан астам кітап таратылды Фото: ASSYLTAS қоғамдық қоры

Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының қолдауымен және "140 Online" компаниясының қаржылай демеушілігімен өңірге 17 мыңнан астам кітап жеткізілді, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жоба сондай-ақ ақын Жамбыл Жабаевтың 180 жылдығына орайластырылған. Кітап керуені Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Жамбыл ауылынан жолға шықты. Бастау нүктесі – Жамбыл Жабаевқа арналған музей болды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Жамбыл облысында 340 ауыл мектебі бар. "Артық білім – кітапта" жобасы дәл осы ауыл мектептерін қолдауға бағытталған. Негізгі мақсат – ауылдағы оқушылардың сапалы әдебиетке қолжетімділігін арттыру.

"Біздің мақсатымыз – кітаптарды жай ғана тарату емес, олардың оқылуын қамтамасыз ету. Әсіресе ауыл мектептеріндегі оқушылар сапалы білімді кітап арқылы алуы тиіс. Сол үшін келесі жылы осы кітаптардың мазмұны бойынша арнайы байқау өткізуді жоспарлап отырмыз. Байқау жеңімпазына автокөлік табысталады. Осындай құнды сыйлықтар арқылы біз оқуға деген қызығушылықты арттырып, оны ынталандырғымыз келеді", – деді ASSYLTAS қоғамдық қорының президенті Дулат Тастекей.

Осылайша бұл бастаманың мақсаты тек кітап тарату емес екендігін айтты.

Айта кетейік, қор бұл жобаны жыл сайын жүзеге асырып келеді. Өткен жылы жоба аясында Абай облысындағы ауыл мектептеріне 14 мыңнан астам кітап таратылған болатын.

Биыл бұл көрсеткіш артып, Жамбыл облысына 17 мыңнан астам кітап жеткізілді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу