Жамбыл облысындағы Фурманов каналында механикалық тазалау жұмыстары аяқталды

221

Механикалық тазалау Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек атты төрт елді мекеннің бойымен өтетін каналдың су өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік береді. 

Жамбыл облысындағы Фурманов каналында механикалық тазалау жұмыстары аяқталды Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысындағы су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жобаларының жүзеге асырылу барысымен танысып, жергілікті тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Шу ауданында министр ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобасының екінші кезеңі аясында атқарылған жұмыстардың нәтижелерімен танысты. Биыл жалпы ұзындығы 69,7 шақырымды құрайтын 15 каналды реконструкциялау жұмыстары аяқталып, олардың бойына 240 гидротехникалық құрылыс орнатылды. Сонымен қатар 55 бақылау ұңғымасы бұрғыланды. Қазіргі уақытта нысандарды пайдалануға беру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Тексеру барысында Нұржан Нұржігітов жергілікті тұрғындармен және мердігер ұйым өкілдерімен кездесу өткізіп, жобаны белгіленген мерзімде аяқтауды қамтамасыз етуді тапсырды. 

Мойынқұм ауданында министр Фурманов гидроторабындағы жөндеу жұмыстарымен танысты. Шу өзенінде орналасқан бұл нысан Түркістан облысының Созақ ауданына экологиялық мақсатта су жіберуге арналған. Былтыр гидроторапта сегментті қақпа ауыстырылған болатын.

Мойынқұм ауданының Қарабөгет ауылында Нұржан Нұржігітов елдімекенге апаратын кіреберіс автожолдағы көпірдің құрылыс барысын тексерді. Ұзындығы 78,3 метрді құрайтын бұл нысан Шу өзенінің арнасы арқылы қауіпсіз әрі жылдам қатынасты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Сондай-ақ министр ұзындығы 120 шақырым, ені 30-40 метр болатын Фурманов айналма каналында 40 жылда алғаш рет жүргізілген механикалық тазалау жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Бұл жұмыстар биыл шілде айында басталып, 25 желтоқсанда аяқталды. Тазалау жұмыстарына 9 шынжыртабанды экскаватор және 2 тиегіш техника жұмылдырылды. 

Механикалық тазалау Қылышбай, Құмөзек, Қарабөгет және Сарыөзек атты төрт елді мекеннің бойымен өтетін каналдың су өткізу қуатын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Түркістан облысының Созақ ауданына су жіберу тиімділігі артады. Еске сала кетейік, өткен вегетацияаралық кезеңде экологиялық мақсатта Созақ ауданына Шу өзенінен 1,5 млрд текше метр су жіберілген болатын. 

Қазіргі уақытта Мойынқұм ауданында Шу өзенінде реттеуші гидротехникалық құрылыс салу және өзен түбін тазалау жобасы әзірленіп жатыр.

"Келесі жылға жасалған болжамдарды ескере отырып, облыстағы су шаруашылығы нысандарының барынша дайындығы мен тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет. Қазіргі жағдайда суару мақсатында болсын немесе табиғатты қорғау үшін жүргізілетін су жіберулер болсын, суды дәл әрі әділ бөлу бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Сондықтан жүргізіліп жатқан барлық құрылыс-монтаждау және тазалау жұмысын уақытылы аяқтау қажет", – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу