Жамбылда 16 мыңнан аса адам пәтерлер мен тұрғын үйлерге заңсыз тіркелген

368

Азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін 82 адам жауапкершілікке тартылды.  

Жамбылда 16 мыңнан аса адам пәтерлер мен тұрғын үйлерге заңсыз тіркелген Фото: gov.kz

Жамбыл облыстық полиция департаментінің қызметкерлері жалған тіркеу белгілері бар 839 мекенжайды анықтады. Аталған пәтерлер мен тұрғын үйлерде жалпы саны 16 306 адам тіркеуде тұрған. Олардың бір бөлігі бұл мекенжайларда ешқашан тұрмаған, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі. 

Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге сүйенсек, өңірде көші-қон заңнамасы саласында ауқымды тексеру жұмыстары жүргізілуде. Негізгі назар бір тұрғын үйге ондаған, тіпті жүздеген адам ресми түрде тіркеліп, іс жүзінде тұрмайтын "резеңкеге" айналған мекенжайларға аударылған.

"Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының 653 азаматы және ТМД елдерінің 26 азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Сонымен қатар азаматтарды нақты тұрғылықты жерінсіз тіркегені үшін 82 адам жауапкершілік арқалады. 
Сондай-ақ он күннен бір айға дейін тіркеусіз немесе жеке басын куәландыратын құжатсыз тұрған 414 дерек анықталды. Бұдан бөлек, 143 адам жеке басын куәландыратын құжатсыз, жарамсыз құжатпен немесе уақытша тұру орны бойынша бір айдан астам тіркеусіз өмір сүрген.

Тұрғын үй иелеріне де ерекше назар аударылды. Үйінде іс жүзінде тұрмайтын адамдарды тіркеуге жол бергені үшін 47 адам жауапкершілікке тартылды.

Тағы 35 жағдайда пәтер иелері бұрыннан тұрмайтын адамдарды тіркеуден шығару бойынша шара қабылдамаған.

Аталған шаралар құқық бұзушылықтардың алдын алуға, көші-қон үдерістерінің ашықтығын қамтамасыз етуге және қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған" - дейді Жамбыл облыстық полиция департаментінің аға жедел уәкілі Құндыз Бөгенбаева.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу