Жамбылда 222 млн теңге бөлінген мектептің жөндеу жұмысы бітер емес

671

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданындағы Т.Рысқұлов атындағы тірек мектебі оқушыларының ата-аналары ғимаратқа күрделі жөндеу жүргізген мердігерлердің атқарған жұмыстарына наразы.  

Жамбылда 222 млн теңге бөлінген мектептің жөндеу жұмысы бітер емес Фото: inbusiness.kz

Ауыл жұрты 222 миллион теңге бөлінген күрделі жөндеу жұмыстары талапқа сай жүргізілмеді дейді. Қаңтардағы аязды күндері күрделі жөндеуден өткен мектептің ішкі температурасы +7 градустан аспағанын алға тартады. 

"Мектеп аудан орталығында орналасқан. Жөндеу жұмыстары оқу жылының басында, қыркүйек айында басталды. Күрделі жөндеу болған соң, ғимараттың қабырғасынан басқасының бәрі жаңартылуы тиіс. Ал мердігерлер баспалдақтардың ұстағыштарын да қаптамаған. Баспалдақтың еденіне кафель төсемеген, асхананың еденін жаңартпаған. Сорақысы сол, бір қыс өтпей жатып сыртқы қасбетінің жоғарғы тұсының кірпіштері түсіп жатыр", - дейді ауыл тұрғыны Бекболат Жанұзақұлы.

Ал тапсырыс беруші тарап мәселе мердігер компаниямен келісім-шарттың кеш жасалуына байланысты екенін айтады.

Мойынқұм аудандық білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаевтың айтуынша, бұл мектепті күрделі жөндеуге мемлекеттік сатып алу тәртібімен тендер ерте өткізілген. Кейін осы конкурсқа қатысушы мекемелердің арасында дау туындаған. Олар өзара соттасып, тапсырыс беруші тарап 2 қыркүйекте мердігер мекеме – "Сервис центр-2007" жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен келісімшарт жасасады.

Аудандық білім бөлімінің басшысының сөзіне сенсек, күрделі жөндеуге қатысты бірқатар мәселелер жобалау-сметалық құжатта көрсетілмеген екен. Сондықтан жобаны жасаған "Димаш" жеке кәсіпкерлігін жосықсыз деп танып, кейін "Дару проект" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жасаған сметаны қабылдаған. Ал жобадағы өзгерісті арнайы құрылған техникалық кеңес ұсынған.

Техникалық кеңес енгізген өзгеріс бойынша, алдыңғы сметада көрсетілген 3377,6 шаршы метр ламинаттың орнына 3551,61 шаршы метр керамогранитті плита төселген. Электр жүйесі толық ауыстырылған. Асхананың кафелі 3 жыл бұрын ағымдағы жөндеуде жаңаланғандықтан, жаңа жобаға енгізілмеген. 

Алайда мектептің баспалдағы сметаға кірмей қалыпты. Мердігер мекеме баспалдақтың ұстағышын көктемде сметадан тыс жұмсақ резеңкемен қаптауға уәде беріпті. 

"Мердігер демеушілік есебінен интернаттың еденіне жылу жүргізіп, мектептің электр, қауіпсіздік жүйелері мен бейнебақылауын да орнатты. Сонымен қатар қазандыққа әрқайсысы 425 мың теңге тұратын екі мотор алып берді. Шатырдың астына сейсмикалық белдеуді құйып жатқанда мектептің сыртын қаптаған кірпіштері аздап түсіп қалды. Жөндеуді құрылысшылардың қауіпсіздігін ойлап кейінге қалдырдық", – дейді Жайдар Саттарқұлұлы.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу