Жамбылда азық-түлік қымбаттады

876

Мәселен, өңір пиязды көп өсіретін болса да, оның бағасы жыл басынан бері 62 пайызға өсіп кеткен, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Жамбылда азық-түлік қымбаттады Фото: inbusiness.kz

Жергілікті статистика департаментінің мәліметіне қарағанда, жыл басталғалы аймақта 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 13 атауы бойынша баға бағамы өзгеріпті. Бұл ахуалды Жамбыл облысы әкімінің салаға жауапты орынбасары Берік Нығмашев тиісті шаралар қабылданбағандығынан көріп отыр. Яғни, тауар өндірушілермен тиісті жұмыстар атқарылмаған.

Нақтылай тоқталсақ, Тараз қаласындағы нарықта қарақұмық жармасы – 6,9, күнбағыс майы - 8,6, қырыққабат – 9, картоп – 8,2 және тауық жұмыртқасы – 10,1 пайызға қымбаттаған. Қалған 7 тауар бағаларының жоғарылау деңгейі 5 пайыздан төмен. Мұның ішінде күнбағыс майының бағасы бекітілген шекті мәннен де асып кеткен.

Жамбыл облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Аманов тауық жұмыртқасының қымбаттауын құс тұмауымен, жем, дәрі бағасының өсуімен түсіндірді. Оның сөзіне сенсек, бұл күрделі жағдай алдағы мамыр айында құс басын қалпына келтіретін фабрикалардағы өндіріс есебінен реттеледі.

"Ал күнбағыс майы бағасының көтерілуіне өткен жылдың тамызынан бастап шикізат дақылының 110 теңгеден 235 теңгеге қымбаттауы себеп. Майдың бағасын тежеу шаралары әлеуметтік дүкендер мен негізгі 6 сауда желілері арқылы жүргізіліп, баға айырмасына байланысты қордағы 420 теңгенің майына сұраныс артты. Жыл басынан бері бұл майдың 42 тоннасы өткерілді, қалған 9 тоннасы екі аптаға ғана жетеді", - деген жауапты маман шұғыл түрде тұрақтандыру қорын толықтыр қажет екенін де айтады.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда әлеуметтік дүкендерде тұрақтандыру қорындағы тауық жұмыртқасы, күнбағыс майы, қарақұмық, қант тауарлары тәрізді сұранысы басым тауарлар тапшы екен. Жеткізілген өнім 1-3 сағаттың ішінде сатылып кететін көрінеді. Сондықтан аудандардағы дүкендерге берілуі тиіс тауарларды босату мүлде тоқтаған.

Әсел Мұратбекқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу