Жамбылда электр энергиясын тұтыну тарифі қымбаттайды

428

"Жамбылжарықсауда – 2030" ЖШС облыс бойынша табиғи монополияларды реттеу комитеті департаментінің дәлелді қорытындысының негізінде 1 қазаннан бастап тариф қымбаттайтынын мәлімдеді.  

Жамбылда электр энергиясын тұтыну тарифі қымбаттайды Фото: inbusiness.kz

Электр энергиясына орташа босату тарифі 1 кВт үшін қосымша құн салығынсыз 23,29 теңге болып белгіленді.

Энергияны тұтынғаны үшін жеке тұлғалар енді бұрынғыдан 1 теңге артық, ал заңды тұлғалар 25,63 теңге төлейді.

Бюджеттік ұйымдарға белгіленген тариф – 43,30 теңге, әлеуметтік маңызы бар азық – түлік тауарларын өндіретін тұтынушылар үшін –  23,29 теңге.

Ұлы Отан соғысы ардагерлері және оларға теңестірілгендерге, мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге ұсынылған баға бұрынғыдай.

Жалпы Жамбыл облысында электр энергиясымен қамтамасыз ету және оны тұтыну бағасы әркелкі. Атап айтсақ, көрші Қырғыз елінің электр энергиясына тәуелді "Жауғаш батыр", "Қаратау" шекара бекеттеріндегілер "импорттық" энергияны қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр болып отыр.

Парламент Сенатының депутаты Бекболат Орынбеков Меркі ауданындағы ауылдарды электрмен жабдықтау, сондай-ақ "Жауғаш Батыр" және "Қаратау" шекара заставаларындағы мәселелерге ерекше назар аудару қажет екенін алға тартады.

"Ауыл тұрғындары Қырғыз елінің электр қуатын пайдалануға және бұл үшін жоғары тариф бойынша төлеуде. Жауғаш батыр ауылының тұрғындары көршілес Қырғыз Республикасынан 1 кВт/сағ үшін орташа есеппен 90-100 теңге бағамен электр энергиясымен қамтамасыз етілген. Облыс халқы үшін кепілді жеткізуші "Жамбыл Жарық Сауда-2030" ЖШС тариф бағасы 1 кВт сағ үшін 16 теңге алып келді. Бұл өз кезегінде жергілікті халықтың наразылығын тудыруда", - дейді Бекболат Серікбекұлы.

 Айта кету керек, Жамбыл облысының әкімдігі "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджетті" қалыптастыру аясында орталық мемлекеттік органдарға жалпы 129 миллиард теңгеге 163 бюджеттік инвестициялық жоба бойынша бюджеттік өтінім берген болатын. Алайда, бірқатар маңызды салалар қаржыландырылмай қалған. Солардың қатарында аталған ауылдарды электрмен жабдықтау жобалары да бар.

"Жоба іске асқан жағдайда Қырғыз Республикасынан электр энергиясына тәуелділікті жоюмен қатар, стратегиялық маңызға ие "Жауғаш батыр" және "Қаратау" шекара бекеттерін электрмен жабдықтау мәселесі оң шешімін табады", - дейді Сенат депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу