Жамбылда көктемгі дала жұмыстары басталды

400

Биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 665,4 мың гектарға егіледі деп жоспарлануда.

Жамбылда көктемгі дала жұмыстары басталды Фото: inbusiness.kz

Жамбыл облысының диқандары көктемгі дала жұмыстарына жаппай кірісіп кетті. Бүгінгі күнге дейін жер жырту жұмыстары 19,9 мың алқапқа жүргізілді. Сонымен қатар, дақыл себуге 21,3 мың гектар жер дайындалып, 10,1 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақыл (арпа), 570 гектар алқапқа көпжылдық шөп және 460 гектар алқапқа көкөніс дақылдары себілген, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Биыл жалпы облыста егіс алқаптарының көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға егу жоспарлануда. 2026 жылдан бастап Ислам даму банкінің қаржыландыруымен облыстағы 76 каналға жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты суды қажет ететін көкөніс дақылдары 2,1 мың гектарға қысқарып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдарының алаңы 3 мың гектарға қысқартылып, 9,7 мың гектарға егіледі деп күтілуде. 

Дегенмен, биылғы жылы басымдық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге берілмек. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде жиналатын өнім көлемі 2025 жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артуы күтілуде.

Сонымен қатар 2026 жылы қант қызылшасы егілетін алқап 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналасатын болады. Нәтижесінде 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда.

"2026 жылдың көктемгі дала жұмыстарына қажетті 59,6 мың тонна тұқым көлемі 100 пайыз құйылды. Алғашқы мәліметтерге сәйкес себілетін тұқымдардың 280 тоннасы элита, 4,2 мың тоннасы 1-репродукция, 27,2 мың тоннасы 2-репродукция, 26,5 мың тоннасы 3-репродукция және 940 тоннасы бірінші ұрпақты будандарды құрайды.

2026 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылды. Көктемгі дала жұмыстарына ҚР Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген көлемді өңірге жеткізіп, шаруаларға таратын 8 өңірлік таратушы операторлар айқындалды.

Өнімділіктің жоғары болуына тікелей әсер ететін минералды тыңайтқыштарды ендіру жұмыстары да қатаң бақылауда. Ағымдағы жылы 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыштарды ендіру жоспарлануда", – дейді Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаев. 

Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникалары жұмылдырылатын болады.

Басқарма басшысының айтуынша, 2026 жылы көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ арқылы "Кең дала" және "Кең дала-2" бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылыпты. 
2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер 2025 жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінде 187 шаруадан 6,1 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 149 шаруаға 4,4 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен беріліпті. 

"Соңғы жылдары су тапшылығы күшейгендіктен, қолда бар суды тиімді пайдалану аса маңызды. 2026 жылға арналған жоспар су қоймаларында жиналатын су көлеміне қарай қосымша қайта қаралатын болады. Суармалы суды тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары ендірілген алқап көлемін жылдан-жылға ұлғайту бойынша жұмыстар тұрақты түрде атқарылуда.

2025 жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиялары енгізіліп, жалпы көрсеткіш 66,5 мың гектар алқапқа жеткізілді.

Су үнемдейтін суару технологияларын енгізу мақсатында 50 пайыз көлемінде субсидия қарастырылған. 2026 жылы аталған бағытқа 11,7 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 2024-2025 жылдардан қалған берешектер өтеліп, қалған қаражатпен жаңадан 10 мың гектардан астам алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізіп, жалпы көрсеткішті 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, ағын су тапшылығын азайту мақсатында 11 мың гектар алқап (288) ұңғыма арқылы суландырылуда және одан әрі аталған бағытта жұмыстар жалғасады.

Сондай-ақ 2027 жылы бөлінетін 11,6 миллиард теңге қаражат есебінен 27 мың гектарға, ал 2028 жылы бөлінетін 14,3 миллиард теңге қаражат есебінен 33 мың гектарға су үнемдеу технологияларын енгізе отырып 3 жыл ішінде су үнемдеу технологияларын 137 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде жыл сайын 234 миллион текше метр су үнемделетін болады", дейді Ә.Серікұлы. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу