Жамбылда көпшіліктің көзінше қыз алып қашқандар жазаланады

Әлеуметтік желілерде бірнеше жігіттің қызды күштеп көлікке отырғызып жатқаны жайлы бейнежазба тарады.  

Жамбылда көпшіліктің көзінше қыз алып қашқандар жазаланады Фото: Бейнежазбадан

Көп ұзамай қыздың босатылғаны және зардап шекпегені анықталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты. 

Солай бола тұра, полиция бұл жағдай бойынша "Адам ұрлау" бабымен қылмыстық іс қозғаған. 

Алдын ала мәліметте тұрмыс құру мақсатындағы қыз алып қашу оқиғасы болуы мүмкін екені айтылған.

Полиция департаменті бұл дерек әлеуметтік желілерді мониторингтеу кезінде анықталғанын мәлімдеген. 

– Аталған факті бойынша тексеру жүргізіліп, нәтижесінде оқиғаға қатысы бар барлық тұлға анықталып, тергеуге алынды. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы – "Адам ұрлау" бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Тараптардың бұрыннан таныс болғаны және өзара шағымдары жоқ екені анықталды, – делінген ведомство мәліметінде.

Алып қашудың "құрбаны" болған қыз жақын маңдағы бір қиылыста босатылып, көліктен өз еркімен шыққаны жайлы мәлімет бар.

Аталған бап бойынша қолданылатын жаза биыл күшіне енді. Бұдан бұлай адам ұрлағандар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу