Жамбылда су тасқыны қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда

493

Төтенше жағдайдың алдын алу үшін 1 459 адам, 364 техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топтар құрылған.

Жамбылда су тасқыны қаупі бар аумақтарда тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылуда Фото: baq.kz

Қазір еліміздің бірқатар өңірінде қар суы айтарлықтай қиындықтар туындатуда. Соған орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев су тасқыны қаупінің алдын алу және жою мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі.

Ербол Шырақпайұлы су тасқынына қарсы барлық іс-шараларды үйлестіру мен сапалы іске асыруды қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.

"Мемлекет басшысы су тасқынына қарсы жұмыстарды күшейту және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша тиісті міндеттер жүктеді. Біз нақты іс - қимыл жоспарына дайын болып, кез келген қауіп-қатерге жедел әрекет етуіміз керек" - деді Ербол Қарашөкеев.

Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Арман Тоқанов су тасқыны жағдайын бақылау бойынша тәулік бойы кезекшіліктер ұйымдастырылып, су қоймаларының толу дейгейіне үздіксіз мониторинг жүргізіліп жатқанын хабарлады. Департамент басшысының айтуынша, халықты қабылдауға арналған 396 пункті дайындалған.

Жағдайға жедел ден қою мақсатында 1459 адам, 364 бірлік техника, 135 су айдау құралы, 19 жүзу құралын қамтитын арнайы топтар құрылған.

Ербол Қарашөкеев жағдайды бақылауда ұстауды, су тасқыны қаупі бар учаскелерде қажетті резервтер мен мобильді топтарды қалыптастыруды, техниканың дайындығын тексеруді талап етті.

Сондай-ақ, облыс әкімі Тараз қаласының басшылығына облыс орталығындағы және тұрғын алқаптардағы барлық каналдар мен арықтардың тазалығын қамтамасыз етуді тапсырды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу