Жамбылда жол-көлік оқиғаларының саны 49,5 пайызға өсті

727

Жол апатының 70 пайызы 20 жылдан асқан ескі автокөліктердің қатысуымен орын алған.

Жамбылда жол-көлік оқиғаларының саны 49,5 пайызға өсті Фото: inbusiness.kz

Жамбыл облысында 2024 жылдың 3 айында жол-көлік оқиғаларының саны 49,5 пайызға, қаза болғандар саны 19,4 пайызға және дене жарақатын алғандар саны 54,3 пайызға өскен. Талдау көрсеткендей, былтыр республикалық маңызы бар тасжолдарда, ал биыл елді мекендердегі жергілікті маңызы бар жолдарда, көше-жол желісінде жол апаты жиілеген, деп хабарлайды inbusiness.kz сайтының тілшісі. 

Жамбыл облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мажикеновтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып жатқанына қарамастан жол апаты азаймай тұрған көрінеді.

"Республикалық маңызы бар автожолдарда жол-көлік оқиғаларының тіркелу фактісі 54-тен 72-ге жетіп отыр. Оның ішінде қаза болғандар 15-тен 21-ге, дене жарақатын алғандар саны 109-дан 156-ға өскен. Тіркелген оқиғалар Жамбыл, Жуалы, Қордай және Т.Рысқұлов аудандарында орын алған.

Жергілікті маңыздағы автожолдарда жол-көлік оқиғалар саны 18-ден 37-ге дейін артты. Дене жарақатын алғандар 30-дан 64-ке ұлғайған. Жол-көлік оқиғалары Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм, Т.Рысқұлов және Талас аудандарында тіркелген.

Қалалар мен елді мекендердегі көше-жол желісінде де жол-көлік оқиғалар саны едәуір ұлғайып отыр. Бұл санаттағы апаттар 148-ден 220-ға дейін артса, қаза болғандар саны 6-дан 8-ге және дене жарақатын алғандар 200-ден 303-ке дейін өсті.

Өздерінің лауазымдық міндеттерін тиісті деңгейде орындамай, жол апатының алдын алу мақсатындағы профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырмағаны үшін қызметтік тергеулер жүргізіліп, нәтижесінде 59 қызметкерлер тәртіптік жауапкершілікке тартылды" - деген Құрмет Кенжеханұлы жол-көлік оқиғаларының өсуінің негізгі себебінің бірі – жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздік ережелерін сақтамауы, жол инфрақұрылымы мен автокөліктердің ескіруі, еңбек және демалыс режимін сақтамауы екендігін тілге тиек етті.

Жол апатының 70 пайызы 20 жылдан асқан ескі автокөліктердің қатысуымен орын алға.
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу