Биыл екі айдың ішінде автомобиль жолдарына 706 тексеру жүргізіліп, 6181 шақырым қамтылды.
Тексеру нәтижесінде облыс автожолдарында түрлі сипаттағы 3427 ақау анықталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Олардың қатарында жол таңбаларының бүлінуі, жол инфрақұрылымының техникалық талаптарға сәйкес келмеуі сияқты кемшіліктер бар. Анықталған бұзушылықтар бойынша жол ұйымдарына оларды жою туралы 711 нұсқама берілді.
Жолдардың жай-күйі тұрақты бақылауды және жедел шаралар қабылдауды талап етеді. Себебі жол сапасы жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Осыған байланысты полиция қызметкерлері тек нұсқама берумен шектелмей, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тартуда.
Анықталған кемшіліктерді жою мақсатында тиісті органдарға 273 ақпараттық хат жолданды.
Жолдардың қанағаттанарлықсыз жай-күйі және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттерді орындамағаны үшін облыста 109 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.