Жамбыл облысында 5 лагерь балаларды қабылдауға дайын емес

630

5 лагерьдің жұмысына мониторинг жүргізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталған. 

Жамбыл облысында 5 лагерь балаларды қабылдауға дайын емес Фото: inbusiness.kz

Биыл Жамбыл облысында 1-10-сыныптағы 217 757 оқушының 88,5 пайызын жазғы демалыспен қамту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда қала сыртындағы 12 лагерьдің жетеуі балаларды қабылдауға дайын. Ал 5 лагерь жұмыс істемейді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жамбыл облысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Салтанат Алибаеваның айтуынша, барлық сауықтыру лагерлері типтік жоба бойынша салынған. Табиғи және жасанды жылытылатын душтар қарастырылған, ал 6 лагерьде қосымша моншалар бар. Барлық лагерлердің аумағында ауыз су бұрқақтары, спорт алаңдары және 5 лагерьде жүзу бассейндері орнатылған.

"2024 жылы 5 лагерьдің жұмысына мониторинг жүргізу барысында санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың бұзылуы анықталды. Істен шыққан шамдар ауыстырылмаған, корпустарды жалпы және ағымдағы тазалау сапасыз жүргізілген, жинау мүкәммалы арнайы бөлінген жерде сақталмаған, дезинфекциялау құралдарын дайындаудың бұзушылығы анықталды, қол жууға арналған құралдар жоқ", - дейді Салтанат Қордабайқызы.

Ал Тараз қаласындағы мектеп оқушыларының 70 пайызы жазғы лагерлермен қамтылады деп жоспарланып отыр. Қала сыртындағы лагерьде 2 700 бала, мектеп жанындағы лагерьде 56 917 оқушы жазғы демалысты тиімді өткізеді.

"Бұл мақсатта барлық мектеп жанында демалыс лагерлері жұмыс істейтін болады. Жекеленген санаттағы балалар қала сыртындағы демалыс лагерлерінде демалады. Қаладағы 70 мектептің жанында жазғы лагерь 1 маусымда жұмысын бастайды. Құрылыс және күрделі жөндеу жұмысы жүргізілетін 8 мектептің оқушылары үшін демалыс жақын маңайдағы мектептерде ұйымдастырылады. Биыл мектеп жанындағы лагерьге қамтылады деп жоспарланып отырған 56 917 баланың ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасының 11 369 баласы бір мезгілдік ыстық тамақпен қамтылады. Бұл мақсатта бюджеттен 62 миллион 529 мың теңге қарастырылды. Сонымен қатар, қала сыртындағы демалыс лагерлеріне баратын 2 700 баланың демалысына 170 миллион 100 мың теңге қарастырылды", - дейді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Пернешқызы.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу