Жамбылдық шебердің қобызы Италиядағы музейде сақтаулы тұр

313

Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінге дейін 2 000-ға жуық қобыз жасаған. 

Жамбылдық шебердің қобызы Италиядағы музейде сақтаулы тұр Фото: Жұмахан Чикаев

Елімізде сапалы қылқобыз жасаумен айналысатын шеберлер көп емес. Ұлттық аспабымызды ұлықтап, құндылығымызды көздің қарашығындай сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген шебердің бірі – Шу ауданының тумасы Қанат Қазақбаев.

  • Қанат Дотаұлы 1962 жылы Шу ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. 1978 жылы Алматы қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы Алматы көркемсурет училищесін "Ағашты көркемдеп өңдеу, суретші-шебер" мамандығы бойынша аяқтаған.

Он саусағынан өнер тамған шебер бүгінге дейін 2 000-ға жуық қобыз жасапты. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының ұжымы Қанат Дотаұлының тұрақты тұтынушысына айналған. Сонымен қатар еліміздің белгілі өнер азаматтары шулық шебердің аспаптарына жан бітіріп, қоңыр әуезді үнін әуелетіп жүр. Айта кетерлігі, Қанат Дотаұлы жасаған қобызды 2001 жылы елімізге іссапармен келген Рим Папасы II Иоанн Павелге Л.Н.Гумелев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Мырзатай Жолдасбеков арнайы сыйға тартыпты. Қазір бұл қобыз Италияның Ватикан қаласындағы музейде Қорқыт ата кітабының жанына қойылған.

Одан кейін 2014 жылы белгілі археолог Зейнолла Самашев бастаған бір топ ғалым Шығыс Қазақстан облысына қарасты Алтай өңіріне археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Берел қорғанынан шамамен VII ғасырда өмір сүрген сарбаздың жанынан бір аспап тапқан. Тарихшылар зерттей келе, оның жорық алдында жауынгерлерге рух сыйлайтын қобызға ұқсас музыкалық аспап екенін анықтапты. Содан Халықаралық түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, археолог Зейнолла Самашев бастаған ғалымдар қазба жұмыстары барысында табылған аспап әбден ескіргендіктен, бүтіндеу қиынға соғып, тек қағазға түсірумен шектеліпті. Сөйтіп ғалымдар қобыз жасаудың хас шебері Қанат Қазақбаевқа айтып, қобыздың қағазға салынған суреті бойынша аспапты жасап беруге тапсырыс берген екен.

Қанат Дотаұлы жасаған қобыздың бесеуі түркі мемлекеттерінің Президенттеріне сыйға тартылған. Ал ең бірінші жасалған қобыз Астана қаласындағы Халықаралық түркі академиясының мұражайында құнды жәдігер ретінде және бірі Париждегі ЮНЕСКО-ның музейінде сақтаулы тұр. Екіншісін Алматы қаласындағы Ықылас Дүкенұлы атындағы ұлттық музыкалық аспаптар мұражайына тапсырған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу