Жамбылдық жүргізуші көлігін тіркемей, жалған нөмір пайдаланған

250

Мұндай құқық бұзушылық үшін жүргізуші әкімшілік қамауға алынып, бір жылға куәлігінен айырылды.

Жамбылдық жүргізуші көлігін тіркемей, жалған нөмір пайдаланған Фото: Жамбыл облыстық ПД

Жамбыл ауданының орталық көшелерінің бірінде кезекші патрульдік полиция қызметкерлері күдікті нөмірдегі BMW автокөлігін байқап, оны тексеру үшін тоқтатады.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, тергеу барысында жүргізуші Грузиядан әкелінген көлікті тіркемей, оған қоса, басқа көліктегі мемлекеттік тіркеу нөмірін өз темір тұлпарына тағып алғаны анықталды.

Аталған оқиға негізінде құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабының 3-бөлігі (жалған нөмірлер қою) және 4-бөлігі (көлік құралын жалған нөмірмен басқару) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Құжаттар Жамбыл аудандық сотына жіберілді.

Сот қаулысымен жүргізуші әкімшілік қамаққа алынып, бір жылға көлік жүргізу құқығынан айырылды. Көлік қамауға алынды. 

Полицейлер қазіргі таңда жалған нөмірлерді пайдалану мәселесі өзекті болып отырғанын атап өтті. Өткен жылы облыста жалған мемлекеттік тіркеу нөмірлерін орнатқан 45 адам жауапкершілікке тартылса, осындай нөмірмен көлік жүргізген тағы 70 жүргізушіге жаза қолданылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу