Әлеуметтік желіде Талдықорған қаласындағы жаңадан салынған жаяу жүргіншілер жолының асфальт жабыны оңай алынып жатқаны бейнеленген видео тарады. Қалалық әкімдік оқиғаға қатысты ресми түсінік берді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Ниетбаевтың сөзінше, төселіп жатқан асфальт жабындысы қабылданбай, ескерту берілген. Видео анықталған кемшіліктерді түзету жұмыстары кезінде түсіріліпті.
Талдықорған қалалық әкімдігінің хабарлауынша, аталған жаяу жүргіншілер жолының сапасына жүргізілген бақылау барысында құрылыс технологиясының талаптары сақталмағаны анықталды. Осыған байланысты 11 тамыз күні мердігерге сапасыз төселген асфальт жабынын алып, қайта төсеу міндеттелген.
"Қазіргі уақытта мердігер ұйым ескертулерді жою жұмыстарын бастап, жол жабынын қайта салуда. Барлық қайта жөндеу жұмыстары мердігердің өз қаражаты есебінен жүргізіледі және бюджеттен қосымша қаражат бөлінбейді", – делінген хабарламада.