Конституциялық сот төрағасының орынбасары, комиссия мүшесі Бақыт Нұрмұханов жаңа Ата заң жобасындағы "Президент" атты бөлімге тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Жаңа Конституцияның жобасындағы үшінші "Президент" бөліміне қайта қаралған және мүлде жаңа ережелер енген.
"Онда "ел Президенті мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді әрі кедергісіз жұмыс істеуін, билік органдарының Қазақстан Республикасының біртұтас халқының алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді" деген норма қарастырылды. Республика Президентіне үміткерлерге талаптар нақтыланды. Ең жоғары лауазымды тұлға болып тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып саналатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын, жоғары білімді және мемлекеттік қызметте, сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жыл тәжірибесі бар Қазақстан азаматы сайлана алады", – деп атап өтті Конституциялық сот төрағасының орынбасары.
Бұдан бөлек жекелеген нормалар Президент сайлауын өткізу және ант беру мерзімдерін бекітеді.
"Президенттің Құрылтаймен, Үкіметпен және басқа мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылына, кадрлық мәселелерге, нормашығармашылық функцияларына қатысты өкілеттіктерін реттейтін ережелер енді. Республика Президентін мерзімінен бұрын лауазымынан босату негіздері мен тәртібін реттейтін конституциялық ережелер толықтырылды. Мемлекет басшысының өз еркімен орнынан түсуге құқығы нақты жазылып отыр. Ондай рәсімдер Конституциялық Сот арқылы жүретін болады. Ары қарай Президент өкілеттіктерінің белгіленген тәртіппен Конституцияда анықталған лауазымды тұлғаларға – Вице-Президентке, Құрылтай төрағасына немесе Премьер-министрге өту рәсімдері басталады", – деді Бақыт Нұрмұханов.
Жобада оларды реттейтін нормалар да нақтыланған. Республика Президентінің өкілеттігін қабылдаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдаған тұлға Конституциялық Сотқа тиісті өтініш береді, деді комиссия мүшесі.
"Конституциялық Сот осы тұлғаның өтінішті өзі және өз еркімен бергенін растайтын қорытынды береді. Республика Президенті лауазымынан мерзімінен бұрын босатылған, кетірілген немесе қайтыс болған күннен бастап 7 күн ішінде Құрылтай президент сайлауын өткізу туралы жариялайды. Ол сайлау екі ай ішінде өткізіледі деген нормалар ұсынылып отыр", – деді Конституциялық Сот төрағасының орынбасары.
Бұл бөлімдегі 49-бап Вице-президенттің құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне арналады.