Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді – Тоқаев

615

Астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болды.

Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді – Тоқаев Фото: akorda.kz

Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың 25 жылдық мерейтойына арналған бауырлас қалалар форумының салтанатты ашылуында айтты, деп жазады inbusiness.kz. 

"Бүгін бауырлас қалалардың басшылары осы форумда бас қосып отыр. Әлемнің әр түкпірінен арнайы келген мәртебелі меймандар бар. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін. Сіздермен Астана қаласында кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Биыл біздің елордамызға 25 жыл толып отыр. Бұл – мерейлі белес. Біз ширек ғасыр бұрын астанамызды Алатаудың баурайынан Арқа төсіне көшірдік. Есілдің жағасына ел қондырып, жаңа қаланың іргесін қаладық", - деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі маңызды жиынға елорданың бұрынғы әкімдері, қаламыздың құрметті тұрғындары, еңбек ардагерлері, мәдениет, ғылым, спорт қайраткерлері, ғалымдар, ұстаздар, мемлекеттік қызметшілер қатысып отырғанын атап өтті.

Олар Тәуелсіз Қазақстанның тірегі болған Астананың құрылысына белсене атсалысты, кеңес заманындағы ескі шаһардың қазіргі заманға сай озық қалаға айналуына зор үлес қосты, деп жалғастырды ол.

Мемлекет басшысының сөзінше, Астананың салынуы Тәуелсіз Қазақстанның тарихында айрықша мәні бар оқиға болды.

"Өздеріңізге мәлім, елорданы көшіру оңай болған жоқ, қомақты жұмыс істелді. Бұл шешім өте күрделі кезеңде қабылданды. Ел экономикасы тоқырауда болды. Жұрт нарықтық қатынастарға толық бейімделмеген кез еді. 

Осындай қиын жағдайда Жоғарғы Кеңес Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасы бойынша Астананы Ақмолаға ауыстыру туралы шешімді 1994 жылы 6 шілдеде қабылдады. Бас қаламыз ресми түрде 1997 жылы 10 желтоқсанда көшірілді. Ал осыдан 25 жыл бұрын 6 мамырда Ақмола атауы Астана болып өзгертілді", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы елорданың жылнамасы Тәуелсіз Қазақстанның шежіресімен тығыз астасып жатқанын, астананы көшіру геосаяси тұрғыдан өте дұрыс қадам болғанын жеткізді.

"Бұл – халқымыздың болашақ тағдырын айқындаған аса маңызды және дер кезінде қабылданған тарихи шешім. Тұңғыш Президенттің осы бастамасы жаңа ұлттық идеяға айналды. Бұл шешім еліміздің, халқымыздың ұлттық мүддесіне сай келгеніне ешқандай күмән жоқ. Сондықтан бәріміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бұл саладағы еңбегіне лайықты, әділетті баға беруіміз керек. Әділетті Қазақстанда ақты ақ, қараны қара деу қажет, басқа сөзбен айтқанда, ненің шындық, ненің өтірік екенін ажырата білу керек. Бұл – еліміздің болашағына тікелей қатысы бар мәселе. Елорданың заманауи келбетін қалыптастыруға Кисё Курокава, Норман Фостер, Ренато Аркетти, Манфреди Николетти сияқты әлемге әйгілі сәулетшілер атсалысты", - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев "Бәйтерек" монументі, "Бейбітшілік және келісім" сарайы, "Хан шатыр" кешені және басқа да бірегей нысандар қаланың көркін аша түскенін тілге тиек етті. 

"Бас қаламыз "Астана опера", "Астана балет" сияқты өнер ордалары арқылы бүкіл әлемге мәдени орталық ретінде танылды. Жаңа елорда Тәуелсіз Қазақстанның өркендеуіне тың серпін берді", - деді Мемлекет басшысы.

Форум аясында қалаларды дамытудың өзекті мәселелері талқыланады. 8 панельдік сессияда бауырлас қалалардың мэрлері мен вице-мэрлері қатысады. Форумға қатысушы елдердің арасында АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Израиль, Түркия, Польша, Үндістан, Ресей, Қырғызстан, Қытай және т.б. бар.

Айта кету керек, осыған дейін Астананың 25 жылдығына орай "Жаңа перспективалар. Жаңа мүмкіндіктер" атты бауырлас қалалардың мерейтойлық форумы басталғанын жазған болатынбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу