Бұл туралы Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның он екінші отырысында Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Халық қалаулысының сөзінше, Ата заңға ұсынылған өзгерістер қоғамның бүгінгі сұранысына тікелей жауап бере алады.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, барлық түзетудің түпкі мәні бір – ол адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғау. Жаңа Конституция жобасы осы логикамен құрылған, – деді Сергей Пономарев.
Депутат құжаттың болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілікті де қамтитынын айтты.
– Маңызды элементтердің бірі – азаматтық қоғамның рөлін күшейту. Қоғамдық бірлестіктердің еркін қызметі мен азаматтардың басқару ісіне қатысу мүмкіндігінің кеңеюі ашық диалогқа жол ашады. Ал заң мен сот алдындағы бәрінің теңдігі – әділетті құқықтық тәртіптің негізі. Бұл адамдардың әлеуметтік мәртебесіне немесе тұрғылықты жеріне қарамастан, олардың құқықтарының бірдей қорғалатынын білдіреді, – деді ол.
Сергей Пономарев көпұлтты қоғамдағы бірлік пен келісім мәселесінен де айналып өтпеді. Ол "жаңа Конституция әрбір адамның қадір-қасиетін құрметтеу арқылы тұрақтылықты нығайта түседі" деп есептейді.
– Жаңа Конституция жобасы – халықтың үмітін арқалаған, мемлекеттің адам құқығы, қауіпсіздік және әлеуметтік сала үшін жауапкершілігін айқындайтын құнды құжат, – дейді депутат.