Бұл туралы "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!" Жалпыұлттық коалициясының алғашқы отырысында айтты, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Өз сөзінде Рауан Кенжеханұлы бұл өзгерістердің түпкі мәні ел экономикасының дамуына үлес қосатын қабілетті әрі білікті жаңа ұрпақтың қалыптасуына жол ашу екенін атап өтті.
"Бүгінде елдің өркендеуі табиғи байлықпен емес, адами капиталмен өлшенеді. Қабілет пен білім ұштасқанда алынбас қамал жоқ. Білімді, жаңашыл ұлттардың дәуірі келді. Сондықтан зияткерлік ұлт қалыптастыру – жай ғана ұран емес, жаңа кезеңдегі мемлекеттік саясаттың өзегі", – деді ол.
Бұл ретте Рауан Кенжеханұлы әр баланың сапалы әрі қолжетімді білім алуына, ғылыммен айналысуына жағдай жасалуы және кәсіпкерлердің инновация енгізу еркіндігі конституциялық деңгейде қорғалатын құндылыққа айналатынын атап өтті. Сонымен қатар қоғам қайраткері Конституция жобасында тіл мәселесіне де айрықша назар аударылғанын жеткізді. Оның айтуынша, "Қазақ тілі" қоғамы мен тіл жанашырларының ұсыныстары ескеріліп, мемлекеттік тілдің мәртебесін айқындайтын маңызды норма енгізілді.
"Біз тарихи тағдыр тоғыстырған барлық тілдерді құрметтейміз. Алайда қазақ тілінің мемлекеттік тұғырдағы айрықша мәртебесі айқын көрсетілуі керек. Бұл бағыттағы ұсыныстарымыз қолдау тапты. Ендігі болашағымыз – қазақ тілінде, сол тілде дамитын ғылым мен білімде", – деді Рауан Кенжеханұлы.
Қорытындылай келе, ол жаңа Конституция жобасын елдің ортақ келісімі әрі келер ұрпаққа қалдыратын аманат ретінде бағалады.
Еске сала кетейік, бүгін Астанада Конституциялық реформаны қолдау мақсатында "Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!" деп аталатын жалпыұлттық коалициясы құрылды. Оның құрамына еліміздегі саяси партиялар, қоғамдық ұйымдар, депутаттар, зиялы қауым өкілдері, жастар бірлестіктері, кәсіподақ ұйымдары және тағы басқалар кірді.