"Жаңа мамандықтар атласы" пилоттық жобасы еліміздің барлық өңіріне таратылады

909

Қазір бұл жоба Павлодар облысында сәтті жүзеге асуда.

"Жаңа мамандықтар атласы" пилоттық жобасы еліміздің барлық өңіріне таратылады

Бүгін аталмыш аймаққа жұмыс сапарымен барған ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов халық табысын арттыру бағытында атқарылып жатқан істердің барысымен танысты, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл ретте Павлодар облысы басымдықты оқушыларды ерте кезден кәсіби бағдарлауға беріп отыр. Жергілікті биліктің пайымынша, жоғары сынып оқушылары сұранысқа ие мамандықтар туралы біліп, сол бағытта бастапқы білімді мектеп қабырғасында алса, кейін тұрақты жұмыс табуда қиналмайды. Осы мақсатта былтырдан бастап "Жаңа мамандықтар атласы" деген пилоттық жобаны қолға алды. Сол арқылы мектептің болашақ түлектері еңбек нарығындағы жағдайды саралап, соған сәйкес қабілеттерін шыңдайды. Өткен оқу жылы өңірдегі 20 мың оқушы осындай кәсіби диагностикадан өтті.

Вице-премьер "Жаңа мамандықтар атласы" түлектер мен жұмыс берушілер үшін басты бағдар болатынын алға тартып, пилоттық жоба еліміздің басқа облыстары үшін сәтті мысал болуы керек екенін атап өтті.

Сонымен қатар биылдан бастап Павлодар облысындағы мектептерде жаңа мамандық иесі – кәсіби бағдарлаушы іске кіріседі.

"Жаңа оқу жылында өңір мектептерінде кәсіби бағыттаушы педагог штаттық бірлігі енгізіледі. Оған қоса, 15 колледжде 15 жаңа мамандық пен 25 жаңартылған бағдарлама бойынша оқыту басталадыі", – деді облыстық білім беру басқармасының басшысы Самал Айтқазина.

Жастардың сұранысқа сай мамандықты игеріп, ертеңгі күні табыссыз қалмауы үшін Өзекті мамандықтар орталығы да жұмыс істейді. Осындай 14 орталықта 5 мыңға жуық адамға, оның ішінде NEET жастарына түрлі қызмет көрсетіледі. Айталық, осы санаттағы 2,5 мыңға жуық жас өңірдегі ірі өнеркәсіп орындарында тағылымдамадан өтеді.

Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айзада Құрманованың сөзінше, ауыл жастары да назардан тыс қалған жоқ. Олар үшін Мобильді жұмыспен қамту орталықтары құрылды. Жыл басынан бері орталық өкілдеріне 237 шалғай елді мекенді аралап, жұмыссыз жастардың нәпақа табуына көмектесті.

Жалпы биыл Павлодар облысында жаңадан 10 мың жұмыс орны құрылды. Оның 54%-ы – тұрақты.

Жиын соңында Ералы Тоғжанов 2025 жылға дейін халық табысын арттыру бағдарламасын жүзеге асыру бойынша атқарылып жатқан шараларға оң бағасын берді.

"Бағдарлама, ең алдымен, халықтың табысын арттыруға және нәтижелі жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуге бағытталған. Жалпы алғанда, өңдеу өнеркәсібінде 126 мың жаңа жұмыс орны құрылатын 713 жоба жүзеге асырылады. 50 ірі кәсіпорынның жанынан шағын және орта бизнес белдеулері құрылады. Бұл кәсіпкерлік субъектілерінің табысын арттыруға, тауарларды кепілді түрде сатуға, өнімділікті арттыруға мүмкіндік береді", – деді Ералы Тоғжанов.

Вице-премьер бағдарламада жастардың құзыреттілігін дамыту, олардың жұмыспен қамтылуын арттыру, жұмыс істейтін халықтың, оның ішінде, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының дағдыларын дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінетінін атап өтті.

Айта кетейік, 2022 жылы елімізде 165 инвестициялық жобаны іске асыру есебінен 16,3 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Ең басты өсім Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында болады деп күтілуде.

Құндыз Қабылденова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу