Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзендегі 25 мектептің оқушылары мектепте шұбат ішеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
"Бұл – мектеп оқушыларының тамақтану рационына жүйелі түрде ұлттық сусын енгізуге бағытталған Қазақстандағы алғашқы жоба. Жоба балалардың денсаулығын нығайтып, олардың табиғи әрі сапалы өнім тұтынуын қамтамасыз етуге бағытталған. Құнарлы сусынның құрамында ақуыз, кальций, фосфор, В тобының дәрумендері және ағзаға қажетті өзге де пайдалы заттар бар", – делінген хабарламада.

Облыс әкімі жергілікті жұртшылықпен бірге шұбат өндіретін кәсіпорынға барып, жұмысымен танысты. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын өндірістік алаң жылына 400 тонна өнім өндіруге қауқарлы.
– Балалар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың денсаулығы мен құнарлы тамақтануы басты басымдықтардың бірі болуға тиіс. Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев фастфуд өнімдерінің агрессивті жарнамасы мәселесіне және өскелең ұрпақтың денсаулығын қорғауға ерекше көңіл бөлу қажеттігіне назар аударды. Шұбатты мектеп ас мәзіріне енгізу бастамамыз – осы бағыттағы нақты қадам. Сонымен қатар бұл – отандық өндірісті қолдау, ауыл шаруашылығы мен түйе шаруашылығын дамыту, жергілікті өндірушілер үшін тұрақты нарық қалыптастыру. Табиғи әрі сапалы жергілікті өнімдердің балаларымызға қолжетімді болуын қамтамасыз етуіміз керек, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Кәсіпорында түйе сүтін қабылдау және өңдеу, шұбат дайындау, өнімді құю және сақтау процестері жолға қойылған. Жаңа өндірістің іске қосылуы жергілікті түйе шаруашылығы қожалықтары үшін де жаңа мүмкіндік ашып, олардың өнімдеріне тұрақты сұраныс қалыптастыруға жол береді.
Маңғыстау өңірі елімізде алғашқылардың бірі болып маңызды қадам жасап, ұлттық сусынды мектеп тағамтану жүйесіне енгізіп отыр. Қыркүйек айынан бастап Жаңаөзен қаласындағы 25 мектептің оқушылары жергілікті жерде өндірілген табиғи шұбатпен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама балалардың денсаулығына қамқорлық жасаумен қатар, отандық өндірісті, ауыл шаруашылығын және түйе шаруашылығын дамытуға бағытталған.