Жаңа Парламентті қалыптастырудың үш қағидаты айқындалды – Елнұр Бейсенбаев

100

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Конституциялық комиссияның V отырысында жаңа Парламентті құрудың үш маңызды аспектісі туралы айтып берді және Құрылтай мен Халық Кеңесі қызметтерінің ара-жігін айқындап берді.  

Жаңа Парламентті қалыптастырудың үш қағидаты айқындалды – Елнұр Бейсенбаев Фото: ztb.kz

Депутат Конституцияны абстрактілі ұғымдармен көмкеріп, тым күрделіндіріп жібермеу маңызды екенін атап өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

Конституция – теория емес.

Ол – нақты ережелер жиынтығы. Мемлекет күнделікті соған сүйеніп жұмыс істейді, шешімдер қабылдайды, халықтың әл-ауқаты қамтамасыз етіледі.

"Ал Құрылтай ықшам әрі ұтымды болады. Конституциялық комиссия қосымша бюджеттік шығындарға жол бермеуді барынша ескерген. Бұл – өте маңызды қадам, қоғамға берілген нақты ишара. Яғни біз "тек билік үшін көбірек билік қалыптастырудан" бойды аулақ салдық. Егер парламентарийлер санын стандартты еуропалық формулаға сүйеніп, халықтың саны немесе аумақтық қағидат бойынша есептесек, Құрылтайда 500-600 депутат болар еді. Әлемде ондай тәжірибе бар. Бірақ Комиссия саналы түрде басқа жолды таңдады − депутат санын көбейтпей, керісінше, оңтайландырды", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Екінші аспект – процедуралық тығырықтан және биліктің шамадан тыс қат-қабат болуынан бас тарту. Әлемдік тәжірибе үлкен парламент − әрдайым қуатты парламент бола бермейтінін көрсеткен. Көбіне ол заң шығару ісін тежейді.

Мәселен ұзақ уақыт бойы Италия парламенті Еуропадағы ең ауқымды парламенттердің бірі болды (төменгі палатада 630 депутат). Бұл апатты бюрократияға әкеліп, заңдардың қабылдануын бірнеше жылға созған. Нәтижесінде 2020 жылы бұл ел батыл қадам жасап, депутаттардың үштен бір бөлігін (400-ге дейін) қысқартты. 

"Ұлыбританияда Қауымдар палатасында 650 адам, ал Лордтар палатасында 800-ден астам мүше бар. Соның салдарынан әлеуметтік маңызы бар заңдар палаталар арасында 20 реттен астам кері қайтарылған. Бұл алып механизмді қалайда жұмыс істету үшін үкімет пікірталасқа шектеу қоюға мәжбүр. Дәл осы себепті Мемлекет басшысы депутаттар санының шамадан тыс көбеюін орынсыз деп атады. Нақты регламенті бар және заңдар үш оқылымда қаралатын бірпалаталы Құрылтай – шексіз мақұлдаулардан, кулуардағы компромистерден және жауапкершіліктің бұлыңғырлануынан саналы түрде бас тарту", - деді Мәжіліс депутаты.

Үшінші аспект – Халық кеңесінің қайталаушы емес, теңгерімді сақтайтын институт ретіндегі рөлі. Халық Кеңесі Құрылтайдың баламасы емес және онымен бәсекеге түспейді. Ол – тұрақты қызмет ететін консультативтік орган, мемлекет пен халық арасындағы алтын көпір.

"Халық Кеңесінің өкілеттігі конституциялық заңда нақты белгіленеді. Кеңес өзі қалаған кезде жиналмайды, әрі тағы бір Парламентке айналмайды. Оның міндеті – қоғамның талап-тілегін жинақтау, ішкі саясат, қоғамдық келісім, ұлттық бірлік пен құндылықтар мәселелерінде ұсыныстар тұжырымдау. Халық кеңесінің Құрылтайға заң жобаларын ұсыну, республикалық референдумға бастамашы болу құқығына ие болды. Осылайша, біз әр құрылымның өз рөлін нақты айқындауға қол жеткіземіз. Яғни, Құрылтай – шешім қабылдайды және саяси жауапкершілік арқалайды. Халық кеңесі – қоғамдық сұраныс пен күн тәртібін қалыптастырады", - деді Елнұр Бейсенбаев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу