Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуы керек – Үкімет басшысы

248

Елімізде тиімсіз салық жеңілдіктері қысқартылады. 

Жаңа Салық кодексі бәріне түсінікті болуы керек – Үкімет басшысы Фото: primeminister.kz

Премьер-Министр Олжас Бектенов жаңа Салық кодексін әзірлеу жұмысын тез арада аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Үкімет алдында салықтық және кедендік әкімшілендірудің тиімділігін арттыру бағытында маңызды міндет тұр. Осы мақсатқа жетудің ең оңтайлы жолы – барлық процесті барынша цифрландыру. Жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Оған қойылатын талап өте қатаң. Бұған дейін ұсынылған тәсілдерге қатысты орынды сын айтылған болатын. Бизнес пен қоғам бұл құжаттан оң өзгерістер күтіп отыр. Ең бастысы, ол ашық, бәріне түсінікті және үйлесімді болуы керек", - деді Үкімет басшысы.

Алайда, Кодексті әзірлеу созылып барады. Сондықтан бұл жұмысты жедел аяқтау қажет, деп жалғастырды ол.

"2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтан салықтық және кедендік әкімшілендіру мәселелеріне қатысты 226 мыңға жуық өтініш пен арыз-шағым келіп түскен. Олар негізінен мемлекеттік кірістер органдарының жұмысы мен әрекетсіздігіне, қосылған құн салығын қайтаруды кешіктіруге, мәмілелерді жарамсыз деп тануға және тағы басқа мәселелерге қатысты болды. Жаңа кодексте осыларды ескеру, әкімшілендірудің сервистік моделіне назар аудару қажет екені анық. Қосылған құн салығын қайтару рәсімін жеңілдету мәселесі жылдан жылға шешімін таппай келеді", - деп атап өтті Олжас Бектенов.

Сөзінше, тиімсіз салық жеңілдіктері қысқартылуы керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу