Жаңа үкімет басшысы таза саяси ұстаныммен қойылған фигура – саясаткер

516

Неліктен таңдау Олжас Бектеновке түсті? Оның артықшылықтары мен кемшіл тұстары қандай? Жаңа үкіметтен не күтеміз? Осы сияқты басқа да сұрақтардың жауабын inbusiness.kz тілшісі саясаткер Дос Көшіммен бірге анықтап көрді.

Жаңа үкімет басшысы таза саяси ұстаныммен қойылған фигура – саясаткер Фото: baq.kz

Жаңа Премьер-Министр лауазымына Олжас Бектеновтің тағайындалуы турасында сарапшы себепші болған үш жағдайдың басын ашып, шаруашылыққа қолын салмаған жаңа үкімет басшысының экономикалық реформалар жасай алатынына күмәнмен қарайтынын алға тартты.

Дос Көшімнің айтуынша, жаңа үміткер Президенттің о баста ойында жүрген таңдауы және таза саяси ұстаныммен қойылған фигура.

"Жаңа Премьер-Министр — Президенттің таңдауы. Әрине ол AMANAT партиясымен келісті, олар оны ұсынды, яғни заңдылық сақталды. Олжас Бектеновтің осы лауазымға тағайындалуына 2-3 мәселе септігін тигізді. Біріншіден, ол - болашағынан үміт күттірер, Тоқаевтың жақын тартатын адамы. Оны бұған дейін де негізгі қызметтерге қойып жүрді. Ал Премьер-Министрдің көшбасшыға жақын болуы — Президент үшін маңызды шарттардың бірі. Екіншіден, Бектенов жемқорлыққа қарсы күрестің басшысы есебінде халыққа да, қоғамға да "позитивті" тұлға ретінде танылып үлгерді. Жемқорлық жайлаған Қазақстанда онымен күресушінің сондай қызметке ұсынылуы, менің ойымша, қоғамда да қолдау табады. Үшіншіден, Бектенов "ескі Қазақстан" қатарынан әлі көріне қоймаған жас маман. Ол да белгілі бір артықшылықтар сыйлайды. Қысқасы, бұл таза саяси ұстаныммен қойылған фигура", — деді саясаткер.

Алайда Бектеновтің кемшіл тұстары да бар көрінеді.

"Жаңа премьер-министр Бектеновтің бір кемшіл тұсы — оның шаруашылықпен айналыспағаны. Негізінен Премьер-Министрлердің барлығы дерлік шаруашылықта болған, сол саланың мамандары, ал жаңа басшы — заңгер", — деді сарапшы.

Сондықтан Дос Көшім жаңа үкімет басшысының біздегі басты проблема — экономикалық, әлеуметтік мәселелерді шеше алатыны белгісіз екенін айтады.

"Оған қоса осы күнге дейін Бектеновтің жеке өзінің экономикалық, не болмаса, әлеуметтік бағыттағы бағдарламасын әлі көрген де естіген де жоқпыз. Ол заңгер болғаннан кейін экономикалық бағытта не айтарын алдын ала болжап, білу мүмкін емес", — деді спикер.

Ал жаңа үкімет жасақтау, оның құрамына келер болсақ, сарапшы айтуынша, шенділер орын ауыстырғанымен, билік құрамы өзгермейтінін айтады.

"Үкіметтің жаңа құрамына келер болсақ, бос қалған лауазымдарға сол баяғы, бұрыннан билікте жүргендер арасынан кез-келгенін қоя салуға болады, әдеттегідей, одан ештеңе өзгермейді. Себебі егер біз Парламенттік Республика болсақ, жеңген партия өзінің адамдарын, мамандарын алып келіп, жаңа бір бағдар ұсынынар еді, біз билікте жаңа фигураларды көрер едік. Олардың осы уақытқа дейін нендей мәселе көтеріп, билік бағдарламасымен қалай күрескенінен, сын-талаптарынан хабардар болар едік. Ал біз ондайды өмірі көрмегенбіз. Сондықтан кез-келген адам қазір жаңа орындарға келе алады, бір емес, бірнеше рет бір қызметке тағайындалғандарды да көріп жүрміз. Мұнда да бәлеңдей бір өзгеріс күтпеймін", — деп түсіндірді Дос Көшім.

Сәйкесінше үкіметтің де бағдары сол баяғы болмақ: өндіруші елге айналу, инфляциямен күрес, әлеуметтік әлеуетті көтеру.

"Жаңа үкімет жаңалығымен келеді деп ойламаймын. Біздегі Премьер-Министр де, Министрлер кабинеті де Президенттің нұсқауымен жұмыс істеп, айтқан бағытымен жүреді. Менің ойымша, бағыт бұрынғысынша қалады, басты мақсат — бюджетін шикізат есебінен ғана толтыратын елден өндіруші мемлекетке айналу. Отыз жылдан бері айтылып келе жатқан сол баяғы міндет — экономика бағдарын бұру, әсіре, ауыл шаруашылығына ден қою, өзіміздің өнімдерімізді өндеу. Одан бөлек инфляцияны тоқтату, халықтың әлеуметтік әлеуетін көтеру — жылдар бойы келе жатқан стандартты мақсат-мүдделеріміз. Мәселе соның жүзеге аспауында болып отыр, атқарушы билік ел басына түскен тәуекелдерді жеңе алмай келеді. Сондықтан, өз басым, жаңа бір бағытты көріп отырған жоқпын, жаңа Министрлер кабинеті ауыз толтырып айтарлық өзгеріс әкеледі дегенге сеніңкіремеймін", — деп түйіндеді саясаткер.

Айта кету керек, осыған дейін Қазақстан Үкіметі отставкаға кеткенін Премьер-Министрдің міндеттерін уақытша атқару Роман Склярға жүктелгенін жазған болатынбыз. Енді бүгін жаңа Премьер-Министр болып Олжас Бектенов тағайындалды . Президент Олжас Бектеновтің кандидатурасын неліктен ұсынғанын түсіндірді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу