Ең бастысы, елімізде ұлттық спортты спорттың басым түріне кіргізуге және оларды қаржыландыруға бағытталған заң жобасы қабылданып жатыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Бұл туралы Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Мәжілістегі баяндамасында айтып өтті. Оның сөзінше, енді Ұлттық спорт түрі олимпиадалық, параолимпиадалық спорт түрлерінің қатарына еніп, жоғары жетістіктер спорты саналмақ.
– 2024 жылы Министрлік Қазақстанның ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссиясымен бірлесіп, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген ұлттық спорт түрлерін сақтау туралы есеп жасағанын атап өткім келеді. Бұл – құсбегілік, тоғызқұмалақ, қазақ күресі және асық ату.
Сонымен қатар, бұл тізімді салбұрын, тазы баулу сияқты жаңа элементтермен толықтыру жұмыстары жүргізілуде.
Елімізде ұлттық спорт түрлерінің дамуына жаңа серпін беру мақсатында Министрлік ұлттық спорт түрлерін спорттың басым түрлеріне кіргізуге және оларды қаржыландыруға бағытталған заң жобасы қабылдануда.
Заң жобасы аясында Ұлттық спорт түрі олимпиадалық, параолимпиадалық спорт түрлерінің қатарына кіріп жоғары жетістіктер спорты болып саналады, – деді ол.
Бүгінде Қазақстан Республикасының ұлттық құрама командаларының (ересектер, жастар, жасөспірімдер) тізіміне ұлттық спорт түрінен 1000-нан астам спортшы енген.
Қазақстанның ұлттық құрамасының дайындалуын және жасақталу жұмыстарын Ұлттық және ат спорт түрлері орталығы мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы үйлестіріп жатыр.