Жаңа жүйе арқылы мектепке қабылдауға 100 мыңнан аса өтініш жолданды

405

Бұл туралы ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мәлім етті.

Жаңа жүйе арқылы мектепке қабылдауға 100 мыңнан аса өтініш жолданды Фото: gb.ru/blog

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың цифрлық инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында бірінші сыныпқа өтініш қабылдау мемлекеттік қызметі OQU білім беру платформасына (oqu.edu.kz) ауыстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Жоба балаларды мектепке қабылдау рәсімін жеңілдету, әкімшілік жүктемені азайту және бірыңғай цифрлық білім беру ортасын қалыптастыруға бағытталған.

Ведомство мәліметінше, бұрын жүктеме кезінде инфрақұрылымдық қиындықтар туындаған. Қазіргі таңда жүйе жаңартылып, қызмет өңірлер бойынша кезең-кезеңімен іске қосылды. Бүгінде платформа арқылы бірінші сыныпқа 105 мыңнан астам өтініш берілген.

Жүйенің негізінде мемлекеттік цифрлық сервистердің тұрақтылығын қамтамасыз ететін QazTech платформасы жатыр. Қызмет іске қосылар алдында жүктемелік сынақтар жүргізілген.

Ата-аналар өтінішті eGov инфрақұрылымы арқылы ЭЦҚ, eGov QR немесе логин-құпиясөз арқылы жолдай алады. Қажетті деректер автоматты түрде жүктеліп, өтініш бір жұмыс күні ішінде қаралады. Нәтиже жеке кабинетке және SMS арқылы жіберіледі.

"Бірінші сыныпқа қабылдау өтініштері әрдайым ең жоғары жүктемеге ие қызметтердің бірі болды, жүйелік іркілістер мәселесі жылдар бойы шешілмей келді. Қазір бұл мәселе архитектура деңгейінде толық жойылды. QazTech платформасы мен мемлекеттік жүйелермен терең интеграция – білім беру саласындағы өзге де мемлекеттік қызметтерді көшірудің үлгісі болады", – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев. 

Министрлік өкілдерінің айтуынша, жаңа жүйе мектептерге түсетін жүктемені азайтып, өтініштерді өңдеу процесін жеңілдеткен.

"Алдыңғы жылдары бірінші сыныпқа құжат қабылдау 1 сәуірде басталып, оқу үдерісімен қатар жүретін. Бұл кезеңде мектептер бір уақытта әрі оқу процесін жүргізіп, әрі ата-аналардың өтініштерін қабылдайтын. Білім беру ұйымдарына түсетін қосымша жүктемені азайту үшін Оқу-ағарту министрлігі қабылдау науқанының басталуын 27 мамырға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Бұл мектептердің жұмысын тиімді ұйымдастыруға және балаларды бірінші сыныпқа қабылдау үдерісін сапалы жүргізуге мүмкіндік берді", – деді ҚР оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. 

Алдағы уақытта OQU платформасы баланың балабақшадан колледжге дейінгі білім жолын қамтитын бірыңғай жүйеге айналмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу