Қазақстан полициясы Жаңа жыл мерекелеріне байланысты күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха жаңажылдық мерекелерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.
"23 желтоқсаннан бастап полиция күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Жеке құрамның саны ұлғайтылды, мемлекеттік және стратегиялық аса маңызды нысандардың қауіпсіздігі күшейтілді. Патрульдік маршруттар қару-жарақ дүкендері мен түзеу мекемелеріне жақын орналастырылды. Ойын-сауық орындарының жанында қосымша тәртіп жасағы қойылды. Резервтер дайындыққа келтірілді. Азаматтардың заңды және қауіпсіздік шараларын сақтауын қамтамасыз ету мақсатында ақпараттық науқандар ұйымдастырылды", – деді Игорь Лепеха.
Премьер-министр іс-шаралар өткізілетін нысандардағы қауіпсіздіктің тиісті деңгейін қамтамасыз етуді тапсырды. Осы мақсатта нысандарда алдын ала тексеру, қызметкерлерге тиісті нұсқаулар беру, оқу-жаттығу жұмыстарын жүргізу қажеттігіне назар аударды. Әсіресе өрт сөндіру құралдары мен гидранттардың жарамдылығын тексеру қажет. Ауа райына қарамастан, адамдар көп жиналатын нысандарға баратын жолдар тәулік бойы ашық болуы керек. ТЖМ мен ІІМ бірлесіп, тиісті шаралар қабылдауы тиіс. Сонымен қатар адамдарды шұғыл эвакуациялау бойынша іс-қимылдарды пысықтап, қажет болса, қосымша оқу-жаттығуларын өткізу қажет.

Мереке күндері қала ішінде де, шығаберіс жолдарында да автомобиль трафигі артуына байланысты автомобиль жолдарында ерекше бақылау орнатылды. Құтқарушылар ауа-райының нашарлауына дайын: автожолдарда жылыту пункттері жабдықталған, арнайы техника мен авиация жедел ден қою режиміне ауыстырылды. ІІМ Көлік министрлігімен бірлесіп, автомобиль жолдарындағы қауіпсіздік шараларын күшейтеді. Жол қозғалысы ережелерінің сақталуын, автожолдардың жай-күйін, сондай-ақ жүктемесі үлкен және туристік бағыттарда қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыруды бақылауға алады. Өңірлерде балаларды тасымалдауда міндетті түрде полиция қызметкерлері бірге еріп жүруге тиіс. Әкімдерге бұл мәселені ерекше бақылауға алу тапсырылды.
Қысқы демалыс және жаңа жылдық мереке күндері мектеп жасындағы балалардың бос уақытын қызықты шаралармен толыққанды қамтамасыз ету маңызды. Оқу-ағарту министрлігіне қауіпсіздік шаралары, соның ішінде қыс мезгіліндегі қауіпсіздік шараларын түсіндіре отырып, қосымша ата-аналар жиналыстарын өткізу тапсырылды. Мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, мереке күндері қауіпсіздік шаралары туралы халықты кеңінен хабардар етуді ұйымдастыру қажет.
"Өңір әкімдіктеріне алдағы мерекелерді қауіпсіз өткізу бойынша кешенді профилактикалық шараларды қабылдауды тапсырамын. Энергетика министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, энергетикалық объектілерде қауіпсіздікті және олардың ақауларсыз жұмыс істеуін қамтамасыз етсін. Жылыту және сумен жабдықтау жүйелерінің барлық параметрлерін сақтап, жедел әрекет ету үшін жөндеу бригадаларының кезекшілік кестесін жасау қажет. Жалпы алғанда барлық мемлекеттік органдар мен құрылымдар мереке күндерін сәтті және тыныш өткізу үшін жан-жақты шаралар қабылдауы керек", – деп атап өтті Олжас Бектенов.
"Шырша" және "Пиротехника" жедел профилактикалық іс-шаралары шеңберінде пысықтаулар басталды.
Барлық мереке күндері полиция негізгі іс-шаралар өткізілетін орындарда қызметкерлердің тәулік бойы кезекшілігін қамтамасыз етеді, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының қауіпсіздігін күшейтеді, сондай-ақ жедел штабтардың жұмысы мен жол қозғалысын қадағалау ұйымдастырылады.
Отырыс қорытындысы бойынша қоғамдық қауіпсіздікті, көші-қон жағдайын және тағы басқаларды қамтамасыз ету тұжырымдамасын жүзеге асыру мәселелерін қамтитын ведомствоаралық комиссияның 2026 жылға арналған жұмыс жоспары бекітілді