Астанада блогер Ерболат Жанабылов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот тергеуі аяқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Мемлекеттік айыптаушы Олжас Хайруллаев ерлі-зайыптыларды 4 жылға соттауды сұрады. Соның ішінде Ерболат Жанабыловты сот залынан қамауға алу сұралды. Ал Эльмира Төлегеноваға қатысты үкімнің орындалуын бір жылға шегеру туралы айтылды.
Бұдан бөлек прокурор блогерлерге тиесілі мүлікті өндіріп алуды да ұсынды.
"Сотталушылардан заңсыз жолмен алынған 247 млн 550 мың теңге көлеміндегі табыс өндіріп алынсын. Қылмыстық жолмен алынған қаражатқа сатып алған 17 дана iPhone 16 және 8 Hyundai Elantra автокөлігі тәркіленсін. Үкімнің орындалуын қамтамасыз ету мақсатында Lamborghini Urus пен Lexus автокөліктеріне салынған тыйым өзгеріссіз қалдырылсын. Сондай-ақ жәбірленушілерге өтемақы қорына 20 АЕК өндіріп алынып, процессуалдық шығындар өтелсін", – деді прокурор.
Айта кету керек, бұған дейін https://www.inbusiness.kz/kz/last/zhanabylovtardyn-isi-sotka-zholdandy наурыз айында Жанабыловтардың ісі сотқа жолданғанын жазғанбыз.
Блогерлер тағылған айыпқа жауап беруден бас тартты.