Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауытына қажетті жабдықтар Қытайдан жеткізіледі

316

Бұл туралы Үкімет отырысында "ҚазМұнайГаз" ұлттық қомпаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасенов айтты.  

Жаңаөзен қаласындағы газ өңдеу зауытына қажетті жабдықтар Қытайдан жеткізіледі Фото: kmg.kz

Газ өңдеу зауытына арналған негізгі жабдықтарды дайындау ісі Hangzhou Fortune Gas Cryogenic Group (Ханчжоу қаласы) тапсырылған, деп жазады inbusiness.kz сайты. 

"Қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары аяқталды. Сондай-ақ резервуарларды монтаждауға арналған іргетастар дайын. Қазір іргетастар мен монолитті қабырғаларды монтаждау бойынша құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Тоғыз бірлік резервуар құрылыс алаңына жеткізілді, қалған 4 данасы жолда. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтардың 48,3%-ы дайын, барлық 259 позицияның 92-і дайын, қалған 167-сі Қытай зауытында өндіріліп жатыр", – деді ҚМГ басшысы Асхат Хасенов баяндамасында.

Ірі жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылуда және жылына 900 млн м³ дейін табиғи және ілеспе газды өңдей алатын заманауи өндірістік кешен құруды көздейді. Зауыт Маңғыстау облысының халқы мен өнеркәсіптік нысандарын құрғақ газбен, сұйытылған мұнай газымен және пентан-гексан фракциясымен қамтамасыз етеді. 

Сонымен қатар "ҚазМұнайГаз" ҰК АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов Үкімет отырысында тауарлық газ өндірісін ұлғайту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

"Жобаларды жүзеге асыру кезінде газды кен орындарына жақын орналасқан газ өңдеу зауыттарында  өңдеу мүмкіндіктері ескеріледі. Мұндай кластерлік тәсіл кен орындарын іске қосу мерзімін қысқартып, инфрақұрылымға кететін шығындарды азайтады және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елдегі бос тұрған өңдеу қуаттарын жүктеуді қамтамасыз етеді. Осылайша, жоғарыда аталған инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жылына қосымша 2,1 млрд текше метр тауарлық газ және 250 мың тонна сұйытылған газ шығаруға мүмкіндік береді", – деп атап өтті Асхат Хасенов.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу